Инвесторларды қолдау бағытында қосымша шараларды қарастыратын арнайы режим енгізу керек -Үкімет отырысы

ТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздің инвестициялық заңнамаларын жетілдіру үшін инвесторларды қолдау бағытында қосымша шараларды қарастыратын арнайы режим енгізу керек.

Инвесторларды қолдау бағытында қосымша шараларды қарастыратын арнайы режим енгізу керек -Үкімет отырысы

Бұл туралы бүгін селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов мәлім етті.

Ә.Исекешовтың айтуынша, министрлік өкілдері бәсекелес елдердің инвесторларды қолдау мақсатында қолға алған шараларын зерттей келе, осындай байлам жасап отыр. «Арнайы режим тек стратегиялық инвестициялық жобаларға қатысты қолданылады. Инвесторларға көрсетілетін жеңілдіктер әр жоба бойынша жеке-жеке анықталады.

Ал жеңілдікке ие болған стратегиялық инвестициялық жобаны Үкімет бекітеді. Сондай-ақ стратегиялық инвестициялық жобалар, «Инвестициялар туралы» заңының аясындағы басым бағыттарға сәйкес болуы керек. Сонымен қатар жобаның құны кемінде 50 миллион доллардан асуы қажет. Бұған қоса жобаның «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңының аясындағы жоғары технологиялық өнімдер тізіміне сәйкес болғаны жөн»,- деді Үкімет басшысының орынбасары.