Инвесторларға жүргізілетін тексерулер 6%-ға қысқарды – Бас прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «прокурорлық сүзгі» тетігі мен инвестор-прокурорлардың жұмысының нәтижесінде инвесторларға қатысты тексерулер мен әкімшілік жауаптылыққа тарту жағдайлары азайған.
Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мәліметінше, биыл прокуратура органдарына инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың 3 547 шешімі келіп түскен. Олардың қатарында тексерулер, әкімшілік өндірістер, шектеу және тыйым салу шаралары, сондай-ақ сот талап-арыздары бар.
Комитеттің прокурорлық сүзгі басқармасының бастығы Мақсат Орақбаевтың айтуынша, материалдарды қарау нәтижесінде прокурорлар мемлекеттік органдардың 620 шешімін келісуден бас тартқан.
– Инвесторлардың құқықтарын қорғау тиімділігі биыл 18%-ды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш 9% болған, – деді Мақсат Орақбаев.
Оның сөзінше, прокурорлық сүзгі тетігі арқылы инвесторлардың құқықтарын шектейтін бірқатар шешімдердің жолы кесілген.
Мәселен, мемлекеттік органдардың бірі формалды себептермен инвесторға 354 мың тонна дайын өнімді экспорттауға лицензия беруден бас тартпақ болған. Бұл келісімшарттың бұзылуына және шетелдік серіктестер тарапынан айыппұл салынуына әкелуі мүмкін еді. Алайда прокуратура араласқаннан кейін лицензия рәсімделіп, инвестор ірі шығыннан құтылған.
Биыл инвесторларға жүргізілетін тексерулер саны 6%-ға, ал әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілері 16%-ға қысқарған.
– Егер 2025 жылдың алғашқы төрт айында инвесторлардың 24%-ына тексеру жүргізілсе, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 18%-ға дейін төмендеді, – деп атап өтті басқарма бастығы.
Сонымен қатар әкімшілік жауаптылыққа тартылған инвесторлар саны да азайған. Мысалы, Алматы қаласында мемлекеттік орган инвесторға айыппұл салмақ болған. Тексеру барысында жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кеткені анықталып, прокуратура инвесторға 2 млн теңге көлемінде заңсыз айыппұл салу әрекетінің жолын кескен.
Қадағалау органының мәліметінше, «прокурорлық сүзгі» тетігі бизнесті негізсіз қысымнан және әкімшілік кедергілерден қорғаудың тиімді құралы ретінде өз нәтижесін көрсетіп келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында инвесторға тиесілі жер басқа адамға заңсыз берілгені хабарланды.