IOAI-2026: Астанада өтетін ЖИ олимпиадасына 106 елдің командасы жиналды
АСТАНА. KAZINFORM – 2-8 тамыз аралығында Астанада жасанды интеллект бойынша IOAI-2026 халықаралық олимпиадасы өтеді. Бұл – жасанды интеллект, машиналық оқыту және цифрлық технологиялар саласындағы дарынды оқушыларды анықтауға арналған халықаралық ғылыми дода.
Алғаш рет IOAI 2024 жылы Бургас қаласында (Болгария) өтіп, оған 32 ел мен аумақ қатысты. ЖИ бойынша екінші халықаралық олимпиада Бейжіңде (ҚХР) өтті, оған 61 ел мен аумақ қатысты. Ал биыл Қазақстан астанасында өтетін сайысқа 106 елден келген 500-ге жуық мектеп оқушысы қатысады. Іс-шараға 200-ге жуық волонтер қатысады.
IOAI 2026 бағдарламасы екі негізгі бағытты қамтиды. Жеке байқауда қатысушылар ЖИ және машиналық оқыту есептерін жеке шешеді, алгоритмдер мен деректерді талдаудағы жеке тәжірибесін көрсетеді. Ал командалар үйлестіруді және шығармашылық тәсілдерді қажет ететін күрделі ЖИ есептерін бірлесіп шешеді.
Сондай-ақ Global AI Talent Empowerment байқауы үшін бөлек нәтижелер кестесі бар. Бұл – ЖИ бойынша ғылыми олимпиадаларға қатысу тәжірибесі шектеулі елдер мен аумақтарға осы саладағы таланттарды дамытуға көмектесу үшін әзірленген IOAI-дың қолдау бағдарламасы.
Тапсырмалар машиналық оқыту, табиғи тілді өңдеу, компьютерлік көру, деректерді талдау және жасанды интеллект негізінде шешімдерді практикалық әзірлеу бағыттарын қамтиды. Олимпиада мазмұны іргелі дайындық пен қолданбалы дағдыларды ұштастырады.
– Біз осы олимпиада үшін Қытайдан арнайы 10 робот алдырдық. Қатысушылар роботтарды өздері бағдарламалап, әзірлеген бағдарламаларын осы роботтарға жүктейді және олардың жұмысын қазылар алқасына көрсетеді. Кейін қазылар алқасы нәтижелерді бағалап, шешім шығарады. Мұндай жобалардың басты мақсаты – оқушылардың жасанды интеллектіге, бағдарламалауға және компьютерлік технологияларға қызығушылығын арттыру, – деді Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы (CPFed) президенті Бағдат Мусин.
Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы ел ішіндегі іріктеу жарыстарын өткізеді және қазақстандық оқушылардың шетелдік байқауларға сайысын ұйымдастырады.
Қазақстан құрамасы сегіз оқушыдан жасақталған. Олар еліміздің әр өңірінен іріктеліп, математика мен информатика пәндері бойынша үздік нәтиже көрсеткен дарынды жастар. Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алып, жалпы 7 жүлдеге қол жеткізді және 4-орынға ие болды.
– Қазақстанда ЖИ олимпиадасы енді ғана қарқын алып келеді. Ал информатика олимпиадалары елімізде ондаған жылдан бері өткізіліп келеді. Сол жарыстарда шыңдалған көптеген қазақстандық түлек бүгінде Google, Microsoft секілді әлемдік технологиялық компанияларда еңбек етеді. Олимпиадаға дайындық барысында біз оларды шақырып, қатысушылармен бірлескен жаттығулар ұйымдастырдық, тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік жасадық. Былтыр Қытайда өткен ЖИ олимпиадасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 4-орын иеленді. Алайда ол кезде жарысқа 60-қа жуық ел қатысқан болатын. Биыл Астанада өтетін олимпиадаға 106 мемлекеттен өкіл келмек. Бұл – Қазақстан үшін үлкен мәртебе әрі халықаралық қауымдастықтың сенімінің көрінісі, – дейді Б.Мусин.
Олимпиада аясында ЮНЕСКО өкілдерінің қатысуымен ЖИ этикасына арналған таныстырылымдар, Қазақстанның ұлттық ЖИ экожүйесімен танысу және мәдени бағдарлама ұйымдастырылады.
Айта кетейік, елімізде жасанды интеллект пен стартапты дамыту бойынша халықаралық инновациялық хаб құрылады.