Иордания «араб көктемі» жетістіктерін ішкі саяси өмірдің демократиялануы тұрғысында оң қабылдайды - Иордания елшісі доктор Слайман Арабиат
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген еліміздің теңдестірілген сыртқы саясаты Қазақстанның іс жүзіндегі қызығушылығын туындататын әлемдік істерде маңызды рөлге ие барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынасты дамытуды қарастырады.
Таяу Шығыстағы қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі - Иордания. Бұл елмен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылы орнатылған болатын. Иордания Таяу Шығыста білім мен ғылым, инжиниринг, фармацевтика салаларында жетекші ұстанымға ие болумен қатар экономикасын, оның ішінде ауыл шаруашылығын әртараптандыруда мол тәжірибесі бар ел. Иордания Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара көмек және сенім шаралары жөніндегі кеңестің толыққұқылы мүшесі де. Жалпы Қазақстан мен Иордания байланыстары жоғары деңгейдегі белсенді қатынастарымен ерекшеленеді.
Таяуда ҚазАқпарат тілшісіне арнайы сұхбат берген Қазақстандағы Иордания Хашимиттік Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Слайман Арабиат өз еліндегі ішкі саяси ахуалмен қатар Қазақстан мен Иордания арасындағы әріптестік қарым-қатынастың даму болашағы жайындағы ойларымен бөлісті.
- Елші мырза, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері біздің елдеріміз достық әрі әріптестік қарым-қатынасты қолдап келеді. Осы ретте Иорданиядағы ішкі саяси ахуал қазақстандықтардың қызығушылығын туындататындығы сөзсіз. Қазіргі уақытта елімізде қандай ахуал орнаған?
- Біз, иордандықтар Қазақстанда демократиялық процесстердің қалай даму үстінде екендігін жақсы білеміз. Өткен жылы Иорданиядан екі делегация Қазақстанға парламенттік және президенттік сайлауларды байқау үшін келіп кеткен болатын.
Иорданияға қатысты жағдайлар турасында сыр шертер болсам, әрине, «араб көктемі» біздің елімізге де өз әсерін тигізді. Дегенмен ол Иорданияда бейбіт «көктем» болып, қандай да бір оқиға орын алған жоқ. Соңғы жарты жылдың ішінде Иорданияда 6500 бейбіт наразылықтар мен шерулер өтті. Бірақ осы толқулар барысында бірде бір адам зардап шекпеді, яғни бейбіт түрде өтті. Міне дәл осы факті Иорданиядағы араб көктемін зор қақтығыстар орын алып, көптеген адамдар қаза тапқан, режім ауысқан өңірдегі басқа елдерден еркекшелеп тұр десем де болады. Иордания халқы Үкіметтен ең бірінші кезекте жемқорлықпен күресті бастауды, елдегі өмір сүру деңгейін арттыруды сұрайды әрі талап етеді. Яғни, саяси реформа жүргізуді талап етеді және де бұл сұхбат формасында өрбуде. Бұл жұмыстардағы көшбасшы біздің еліміздің басшысы Ұлы мәртебелі Король - Абдулла бин Хуссейн. Түрлі саяси партиялар өкілдерінің арасында өткен талқылаудан кейін Король демократиялық процестерді жақсартуға бағытталған саяси реформалар жүргізу үшін комитеттер құру қажеттігі туралы қорытындыға келді. Бұл комитеттердің ең бастысы Конституциялық реформалар жүргізу үшін Конституцияны қайта қарау жөніндегі комитет болып табылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде елдегі саяси өмірді өзгерту, демократиялық процестерді қалыптастыру үшін біздің Конституцияның 42 бабына өзгертулер енгізілді. Өзгертудің ең маңыздыларының бірі сайлау туралы заңға қатысты болды. Яғни ендігі уақытта бізде бұл салада жаңа заңнама бар. Реформа нәтижесінде пайда болған тағы бір жаңашылдық - бұл Конституциялық соттың қалыптастырылуы. Үшіншісі Иордания Парламентінің өкілдер палатасына сайлауды ұйымдастыру және жүргізу мәселелерімен айналысатын тәуелсіз сайлау комитетінің құрылуы болды. Ендігі уақытта Үкіметтің сайлау процестеріне ешқандай қатысы болмайды. Осы өзгерістерді ескере отырып, Король жаңа заңнамаға сәйкес Парламентте қайта сайлау өткізуге түрткі болды. Ол 23 қаңтар күні өтеді. Алғаш рет бізде дауыс беру үшін ұлттық тізім және аймақтық тізім түзіледі. Бұл сайлаудың барынша ашық әрі әділ өтетіндігін Үкімет уәде етіп, Король қуаттап отыр. Оған жергілікті және шетелдік байқаушылардың, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар байқаушыларының қатысуы да өз әсерін тигізбек.
Сайлау алдында Корольдің өзі Иордания халқына тұрғындар арасында барынша жан-жақты талқылануы үшін шағын жолдау арнады. Онда Ұлы Мәртебелі Король азаматтарды Өкілдер палатасына үздік депутат таңдау үшін сайлауға қатысты белсенді өмірлік ұстаным көрсетуге, «лас ақша» пайдаланып сайлаушылардың дауысын сатып алу оқиғаларына жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар Король сайлаушылар мен кандидаттардың арасында сұхбаттастық болуы керектігін де үндеді. Король жолдауда айтылған жайттың барлығын жеке тұлғалардың мүддесіне орай емес, керісінше бүкіл елдің мүддесіне негіздей отырып қалыптастырды. Халықтың түрлі таптары арасындағы өзара барлық қарым-қатынастар сұхбаттастық негізінде қалыптасуы тиіс.
Жалпы, Иордания ішкі саяси өмірдің демократиялануы тұрғысынан алып қарағанда, «араб көктемі» жетістіктерін оң қабылдайтындығын атап өткім келеді. Біз бірқатар саяси фракциялардың сайлауға бойкот жариялауға үндеуіне қарамастан сайлаудың сәтті өтетіндігіне сенімдіміз. Біздер үшін олардың да сайлауға қатысқандығы барынша маңызды. Дегенмен олар іс жүзінде сайлау заңнамасына бағытталған саяси реформалар жүргізуді талап етуде. Олар жаңа сайлау заңнамасына сәйкес өткен сайлаудың нәтижесінде Парламентте жеткілікті орын ала алмаймыз деген қауіпте.
- Сіз Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне қалай баға берер едіңіз?
- Иордания мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынас жайында айтар болсам, менің пайымымша, екі ел арасындағы байланыстар өте қолайлы қалыптасуда. Бұл ретте біздің Король мен Президент Назарбаевтың өте жақын дос болуы да маңызды рөлге ие екендігі сөзсіз. Король төрт мәрте Қазақстанға келсе, Н.Назарбаев 2 мәрте Иорданияда болды. Сіздердің Президенттеріңіз бүкіл әлемді шарлайды, барлық елдердің президенттері де Қазақстанға келеді. Орташа есеппен алғанда сіздердің елдеріңізге жылына түрлі елдердің ондаған көшбасшылар сапармен келеді. Бұл мемлекет басшыларының Қазақстанды және оның көшбасшысын қалай құрметтейтіндігін білдіреді. Сіздердің елдеріңіз тәуелсіздік алған мезеттен бастап Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен көптеген елдермен, оның ішінде араб мемлекеттерімен де өте жақсы қарым-қатынас орнатуда жетістіктерге жеткендігін ерекше атап өткім келеді. Дәл осы ерен еңбегінің арқасында Қазақстан Президенті өңірдегі басқа мемлекеттер көшбасшыларынан ерекшеленеді. Ол Орталық Азиядағы мықты басшылардың бірі. Қазақстан көп жетістіктерге жетті, оның барлығы да мемлекет басшысының арқасында. Ол өз елі, халқы, жалпы алғанда өңір үшін көптеген істер атқаруда әрі халықаралық аренада да көптеген жетістіктерге жетті. Осы орайда, Елбасы көршілес елдермен, сонымен қатар бүкіл әлемдік қоғамдастықпен өте жақсы қарым-қатынас орнату үшін бар күш-жігерін жұмсайтындығын ерекше атап өткен орынды.
Ал енді екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға қатысты айтар болсам, 2009 жылы Н.Назарбаев Иорданияға келген кезінде Корольмен келіссөздер өткізген болатын. Сол кезде тараптар дәл осы саладағы екіжақты қарым-қатынастардың даму деңгейіне көңілдері толмайтындықтарын ашық білдірген болатын. Қазақстан мен Иорданияның экономикалық қарым-қатынастарды кеңейту үшін мүмкіншіліктері мол екендігі, біздің елдеріміздің ынтымақтаса жұмыс істеуіне болатын көптеген саланың бар екендігі баса айтылған еді. Бүгінгі таңда біздің елдердің арасында 20-дан бастам үкіметаралық келісім жасалған. Айтпақшы, сол жылдардан бастап ынтымақтастықты жандандыру бағытындағы жұмыстар қолға алынған болатын. Бірақ та, өкінішке орай ол әлі де болса баяу даму үстінде. Дегенмен де екі тарапта осы бағыттарды жандандыру жолында жұмыс істеудеміз, көптеген жобалар да бар, екі тарап арасында көптеген келіссөздер де жүргізілуде. Менің ойымша, біз дұрыс жолдамыз.
- Таяуда Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданды. Онда еліміздің жан-жақты дамуы, барлық саланың, оның ішінде экономиканың да жаңғыртылуы қарастырылған. Сізден сұрарым, иордания тарабының осы стратегияны жүзеге асыруда инвестор не болмаса серіктес ретінде қатысуға ниеті бар ма?
- «Қазақстан-2050» стратегиясы осы жылдан бастап алдағы 37 жыл ішіндегі сіздердің елдеріміздің одан әрі дамуының барлық аспектісін қамтитындығы сөзсіз. Ол Қазақстан экономикасының ашықтығын бүкіл әлемге паш ететін жаңғыртуды қарастырады. Бұл бірінші кезекте қазақстандықтарға зор пайда әкеледі. Сондықтан да менің ойымша, халықаралық қоғамдастықтың әрбір мемлекеті осы стратегияны, оның түрлі аспектілерін жүзеге асыруға қатысуға қызығушылық танытатын болады.
Ал Иорданияға қатысты айтар болсам, жаңа Стратегияны жүзеге асыру екі елдің де экономикасындағы жеке секторға зор мүмкіншілік ашады. Сондықтан да біз екі елдің де кәсіпкерлерін барынша тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырамыз.
- Сұхбатыңызға рахмет!