Иордания халқы 30 мамырға дейін демалатын болды

АСТАНА. KAZINFORM – Иордания корольдігі тәуелсіздігінің 80 жылдығын атап өтуде, деп хабарлайды Kazinform-ның Аммандағы тілшісі.

В Иордании отмечают 80-летие независимости
Фото: Al-MamlakaTV

Иордания 1946 жылғы 25 мамырда Ұлыбритания мандаты аяқталғаннан кейін ресми түрде тәуелсіз мемлекет болып жарияланған.

Осыған байланысты Иордания королі Абдалла II ибн әл-Хусейн ел тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтады.

– Қымбатты иорданиялық отбасы, Тәуелсіздік күні құтты болсын. Құдай сіздерді және біздің мақтанышымыз – Иорданияны қорғай көрcін, – делінген монархтың дүйсенбі күні тұрғындарға SMS арқылы жолдаған үндеуінде.

Корольді ұлттық мерекемен араб, ислам және өзге де достас мемлекеттердің басшылары құттықтаған. Сондай-ақ құттықтаулар Иорданияның тақ мұрагері әл-Хусейн бин Абдалла II атына да жолданған.

Иордания премьер-министрі Джафар Хасан елдің өңірлік дағдарыстар мен түрлі сын-қатерлерге қарамастан даму мен жаңғыру жолын жалғастырып жатқанын айтты. Оның сөзінше, соңғы сегіз онжылдықта Иордания мемлекеттік институттарын нығайтып, тұрақтылықты сақтап, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және экономика салаларында айтарлықтай жетістікке жеткен.

Ел бойынша ресми және халықтық мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қала көшелері мен алаңдары мемлекеттік тулармен безендірілген.

Билік концерттер, мәдени бағдарламалар мен жаппай мерекелік шаралар өткізуде.

Мерекелік іс-шаралар кешке Амман қаласындағы отшашумен аяқталады.

Сонымен қатар Иордания үкіметі тәуелсіздік күнінен кейін Құрбан айт мерекесіне байланысты ұзақ демалыс жариялады. Мерекелік демалыс 30 мамырға дейін жалғасады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Иордания королін ел тәуелсіздігінің 80 жылдығымен құттықтаған болатын.