Иордания Королі Қазақстанға ресми сапармен келе жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Иордания Королі Абдалла II бен әл-Хусейн 26-27 тамызда Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтеді және екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруді көздейді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Қазақстан-Иордания бизнес-форумына 300 кәсіпкер қатысады
Астанада Король Абдалла II бен әл-Хусейн Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер өткізеді.
Сапардың басты мақсаты – жан-жақты әріптестікті нығайту, саяси диалогты кеңейту және 2025 жылғы ақпанда Мемлекет басшысының Амманға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобалармен толықтыру.

Келіссөздерде сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялар, энергетика, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі, фармацевтика, IT және цифрландыру, көлік логистикасы, туризм, сондай-ақ гуманитарлық және білім беру мәселелері талқыланады.
Сонымен бірге тараптар халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті, оның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды реттеу және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл шараларын қарастырады.
Сапардың басты шараларының бірі – шамамен 300 кәсіпкер мен инвестор қатысатын Қазақстан-Иордания бизнес-форумы болады. Форум жұмысына мемлекет басшылары да қатысады деп күтілуде.
Ақпандағы келісімдердің жалғасы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы ақпанда Иорданияға жасаған сапары қазіргі кездесудің іргетасы болды. Сол кезде тараптар экономикалық байланыстарды кеңейту, сауда және инвестиция үшін жаңа жағдайлар жасау, бірқатар бірлескен жобаларды іске қосу туралы уағдаласқан болатын.

Иорданияның Қазақстандағы Елшілігі атап өткендей, сол кездегі келісімдер бүгін нақты бастамаларға ұласты.
«Мемлекет басшыларының сапарлары екі елдің ынтымақтастықты тереңдетуге және бірлескен жобаларға қолайлы жағдай жасауға әзір екенін көрсетті», – делінген Елшілік мәлімдемесінде.
Бірлескен жобалар - берекелі істер
Агро салада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иорданияның Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасында қазақстандық бидайды жеткізу бойынша жұмыс тобы құрылды. Негізгі жеткізуші ретінде «Продкорпорация» қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, иорданиялық Aljazeera Agricultural компаниясы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен Қазақстанда асыл тұқымды құс өсіру зауытын салу жобасы бойынша меморандумға қол қоюға дайындалуда.

Фармацевтика және медицина саласында иорданиялық Sana Pharma мен өзге де компаниялар қазақстандық нарыққа шығуға мүдделілік танытты. Бұған қоса, Sana Farm мен қазақстандық Inkar Group арасында дәрі-дәрмектерді дистрибуциялау жөнінде келісімге қол қою көзделіп отыр.
Иорданиялық DadVet пен қазақстандық KazbioPharm ветеринариялық вакциналарды өндіру және экспорттау саласында әріптестікке келісті.
Цифрландыру және білім беру саласында Astana Hub пен King Hussein Business Park, сондай-ақ Astana IT University мен Hussein Technical University арасында меморандумдар жүзеге асырылуда. Иорданиялық алғашқы студенттер Астанада білім ала бастады.
Сонымен қатар, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (NIT) мен Иорданияның ICT Intaj қауымдастығы арасындағы әріптестік дамып келеді.
Энергетика саласында ҚР Энергетика министрлігі мен Иордания Атом энергетикасы жөніндегі комиссиясы бейбіт атом энергетикасын пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойған.
Құрылыс және инвестиция саласында қазақстандық BI Construction Group иорданиялық Amman Vision Investment & Development (AVID) және Jordan Security Investment Fund қорымен келісімдерге қол қоюға дайындалып жатыр. Жобалар инфрақұрылымды және қалалық ортаны дамытуға бағытталады.
Тікелей әуе қатынасы туризмге серпін береді
Қазақстан мен Иордания арасындағы тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі де басымдыққа ие.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, құқықтық база дайын. Амман – Астана бағыты бойынша тікелей рейстерді 2026 жылғы маусымда аптасына екі рет ашу жоспарланған.

Иордания тарапы алғашқы кезеңде рейстерді субсидиялауға дайын екенін растады.
«Әуе қатынасының ашылуы туризмнің, бизнестің және гуманитарлық байланыстардың дамуына жаңа мүмкіндік береді», – деп атап өтті иорданиялық дипломатиялық миссия.
Корольдің сапарынан не күтеміз?
Сарапшылардың пікірінше, Король Абдалла II бен әл-Хусейннің Қазақстанға сапары екі ел қарым-қатынасының жан-жақты сипатын растаумен қатар, энергетика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру және туризм салаларында нақты жобаларды іске қосуға серпін береді.
Сонымен бірге, тікелей әуе қатынасы мен атом энергетикасы бойынша әріптестіктің жаңа кезеңі басталуы мүмкін.
Айта кетейік, Иордания Королінің ресми сапары кезінде Астанада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.