IPAF форумы: стрестік активтерді басқару жүйесінде не өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — Проблемалық кредиттер деңгейін төмендетуге бағытталған заманауи нарық тетіктері қалыптастырылды. Бұл туралы Мемлекеттік активтерді басқару компанияларының халықаралық форумының (IPAF) 10-шы саммитінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлім етті.
Айта кетейік, іс-шараны ҚР Қаржы министрлігі, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және Азия даму банкі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
— Қазақстан үшін IPAF-тың мерейлі оныншы конференциясын өткізу — үлкен мәртебе ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Қордың IPAF-тың толыққанды мүшесі мәртебесін алуы және Қазақстанның форумға төрағалық етуі еліміздің стрестік активтерді басқару саласындағы жинақталған тәжірибесін мойындалғанын көрсетеді. Қазақстанның IPAF-қа бүгінгі төрағалығы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін ашады және тәжірибе алмасу, өңірлік ынтымақтастықты дамыту және үздік халықаралық тәжірибелерді ілгерілету үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды, — деді Дәурен Темірбеков.
Оның айтуынша, стрестік активтерді тиімді басқару мәселесі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Соңғы жылдары Қазақстанның қаржы реттеушісі стрестік активтердің толыққанды нарығын дамыту бойынша шараларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен проблемалық кредиттер деңгейін төмендетуге және олармен жұмыс істеудің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи нарық тетіктері қалыптастырылды.
— 2022 жылдан бастап Қазақстанның заңнамасы стрестік активтерді жеке, оның ішінде шетелдік инвесторлардың сатып алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар нарыққа қатысушылар үшін тең салық жағдайлары жасалып, стрестік активтердің банктер мен мамандандырылған ұйымдардың балансында болу мерзімі үш жылға дейін қысқартылды, сондай-ақ стрестік активтердің бәсекелестік нарығын дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалды. Проблемалық кредиттерді және банктердің өндіріп алынған мүлкін іске асыру жөніндегі цифрлық платформаларды енгізу реформалардың маңызды кезеңіне айналды. Проблемалық кредиттер қорының қызметіне келетін болсақ, активтерді басқару жөніндегі басқа да мемлекеттік компаниялар сияқты Қор бұдан бұрын жүйе құраушы банктерден сатып алынған стрестік активтермен жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша активтерді экономикалық айналымға тартудан түскен түсім көлемі 36 млрд теңге болды, — деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, берешекті қайта құрылымдау, жеке инвестицияларды тарту және бизнестің тұрақтылығын қалпына келтіру арқылы қарыз алушыларды қаржылық сауықтыру негізгі басымдық болып қала береді.
— Сонымен бірге, Қор мемлекетке салынған қаражатты ақшалай нысанда да, стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар мүлікті беру арқылы да қайтара отырып, берешекті өндіріп алуды қамтамасыз етеді. Тек 2025 жылы мемлекет пайдасына Ұлттық қорға аударымдарды және дивидендтер төлеуді қоса алғанда, 27 млрд теңге, ал барлық кезең ішінде шамамен 260 млрд теңге бағытталды. Біз стрестік активтерді басқару жүйесін одан әрі жетілдіруді, қаражатты қайтару және мүлікті экономикалық айналымға тарту тетіктерінің тиімділігін арттыруды көздеп отырмыз, — деді Дәурен Темірбеков.
Айта кетейік, 12 тамызда Мемлекеттік активтерді басқару компанияларының халықаралық форумының (IPAF) 10-шы саммитінде Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықтың берік жүйесін қалыптастырғанын мәлім етті.