Ирак пен Сирия 13 жылға жуық жабық болған маңызды құрлықтық бағытты қайта ашты
АСТАНА. KAZINFORM — Ирак пен Сирия шекарадағы Рабиа өткізу бекетін қайта ашып, 13 жылға жуық уақыт жабық тұрған маңызды құрлықтық бағытты қалпына келтірді, деп хабарлайды Синьхуа.
Сирия аумағында Эль-Ярубия деп аталатын бақылау-өткізу пункті Эль-Хасака провинциясында өткен салтанатты рәсімнен кейін жұмысын қайта бастады. Іс-шараға екі елдің ресми өкілдері қатысты.
Сирияның кеден басқармасы бұл бекет арқылы транзит, сауда, импорт-экспорт және жолаушылар тасымалы жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
Екі тарап өкілдері шекаралық рәсімдерді жеңілдету, үйлестіруді жақсарту және екіжақты сауданы кеңейту мәселелерін талқылағанын жеткізді.
Ирактың солтүстігіндегі Найнава провинциясында, Мосул қаласына жақын орналасқан Рабиа өткізу бекеті Сириядағы азаматтық соғыстың ушығуына байланысты шамамен 2013 жылы жабылған болатын.
Бұған дейін Ирактың Ормуз бұғазын айналып өтіп, Сирия арқылы мұнай экспорттай бастағаны хабарланған еді.