Иран БҰҰ-ға АҚШ тарапынан әскери агрессия болған жағдайда «батыл» жауап беретінін ескертті

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран өзін-өзі қорғау құқығына ие екенін мәлімдеп, ықтимал шиеленістің салдары үшін жауапкершілікті Вашингтонға жүктеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран БҰҰ-на АҚШ тарапынан әскери агрессия болған жағдайда «батыл» жауап беретінін ескертті
Фото: IRNA

Иранның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке және осы айда Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етіп отырған Ұлыбритания өкіліне хат жолдап, АҚШ тарапынан әскери агрессия жасалған жағдайда «батыл әрі шамалас» жауап беруге дайын екенін ескертті.

— Егер Иран Ислам Республикасы әскери агрессияға ұшыраса, ол БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес ажырамас өзін-өзі қорғау құқығын жүзеге асыра отырып, батыл және пропорционалды түрде жауап береді, — делінген құжатта.

Хатта аймақтағы «жау күшінің» барлық базалары, нысандары мен активтері қорғаныс шаралары аясында заңды нысана ретінде қарастырылатыны атап көрсетілген. Иран тарапы ықтимал «бақылаусыз және болжауға келмейтін салдарлар» үшін толық әрі тікелей жауапкершілік АҚШ-қа жүктелетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ Тегеран соғысқа ұмтылмайтынын және қарулы қақтығысты бастамайтынын жеткізді. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы мәлімдемелері «нақты әскери агрессия қаупінің белгісі» ретінде бағаланған.

— Иран Ислам Республикасы ең жоғары деңгейде бірнеше рет шиеленіс пен соғысты қаламайтынын және ешқандай соғыс бастамайтынын мәлімдеді, — деп келтіреді Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Амир Саид Ираванидің сөзін IRNA агенттігі.

Құжатта мұндай риторика өңір үшін апатты салдарға әкеліп, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екені айтылған.

Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас хатшысын «тым кеш болмай тұрып, шұғыл әрекет етуге» шақырды. Сонымен қатар хатта БҰҰ Жарғысы қағидаттарын сақтау шартымен ядролық мәселе бойынша келіссөздерді жалғастыруға дайын екені және дипломатиялық шешімдерді қолдайтыны расталған.

Бұған дейін Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге қол жеткізілмеген жағдайда күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтып, Тегеранға келісім жасау үшін шектеулі мерзім белгілеген болатын.

Ал жуырда Иранның Атом энергиясы ұйымының басшысы Мұхаммад Эслами ешбір ел Ислам Республикасын уранды байыту құқығынан айыра алмайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум