Иран энергия ресурстарын экспорттайтын өзге бағыттарды жабуы мүмкін екенін мәлімдеді
АСТАНА.KAZINFORM — Иран АҚШ пен оның одақтастары пайдаланатын энергия экспорт бағыттарын жабуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ пен оның одақтастары пайдаланатын өңірлік энергия ресурстарын экспорттау бағыттарын жабуы мүмкін екенін мәлімдеді
КСИР мәлімдемесінде Ормуз бұғазы АҚШ-тың әскери іс-қимылдары тоқтағанға дейін жабық күйінде қалатыны айтылған.
– Өңірдегі энергия ресурстарын экспорттау бағыттары не барлығына ашық болады, не ешкімге қолжетімді болмайды, – делінген Иранның IRNA агенттігі таратқан хабарламада.
КСИР АҚШ әскери-теңіз күштерінің Үнді мұхитындағы әрекеттері өңір мұнайы мен газына қолжетімділікті шектегенін алға тартып, жауап ретінде АҚШ пен оның серіктестерінің мүддесіне қызмет ететін өзге де экспорттық дәліздердің жабылуы мүмкін екенін ескертті.
IRGC: Last night, US' treacherous military dispatched its naval pirates to the Indian Ocean, ostensibly to control the Strait of Hormuz, effectively sealing off sea lanes and cutting global access to the region's oil and gas. pic.twitter.com/efhnLQk2NF
— IRNA News Agency ☫ (@IrnaEnglish) July 15, 2026
БАҚ мәліметінше, бұл мәлімдеме Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғайтын Баб әл-Мандеб бұғазындағы кеме қатынасына қауіп төнуі мүмкін екенін аңғартады. Бұл бағыт арқылы Сауд Арабиясының мұнайы және халықаралық теңіз тасымалының едәуір бөлігі өтеді.
Бұған дейін Иранмен одақтас Йемендегі «Ансар Алла» қозғалысының өкілі Сауд Арабиясы Йеменге соққыларын жалғастырса, Баб әл-Мандеб бұғазын жабуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, мұндай қадам мұнай бағасын барреліне 200 долларға дейін көтеруі мүмкін.
КСИР мәлімдемесі АҚШ-тың Ормуз бұғазы маңындағы және Иран жағалауындағы әскери нысандарға жасаған жаңа соққыларынан кейін жарияланды. АҚШ Орталық қолбасшылығы операция шамамен жеті сағатқа созылып, Иранның коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін әлсіретуге бағытталғанын хабарлады.
— U.S. Central Command (@CENTCOM) July 15, 2026
Иран билігінің мәліметінше, соңғы америкалық соққылар салдарынан елдің оңтүстігінде кемінде 30 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Сондай-ақ Бампур әскери базасына жасалған шабуылдан жеті әскери қызметкердің қаза болғаны айтылды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран келіссөздерді қайта бастамаса, Иранның электр станциялары мен көпірлеріне соққы беруі мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Еске салсақ, сәрсенбі күні АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын қайта енгізді. Ал Иран армиясы АҚШ әскери базаларына жасалатын шабуылдар «толық жеңіске жеткенге дейін» тоқтамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктері Ормуз бұғазының қоршауға алынуына байланысты жаңа порт салуды жоспарлап отыр.