Иран кәсіпкерлерінің Маңғыстауда бірлескен экономикалық аймақ құру ұсынысын қолдаймыз — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Иран кәсіпкерлерінің Маңғыстау облысы аумағында бірлескен еркін экономикалық аймақ құру туралы ұсынысын қолдайды. Бұл туралы Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианмен келіссөздер қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Тоқаев
Фото: Ақорда

— Біз Иранды Оңтүстік-Шығыс Азияға және Африка құрлығына шығатын қақпа ретінде қарастырамыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Иран басшылығына Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портынан Қазақстанға жер телімін бергені үшін шынайы ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам екі ел ықпалдастығын одан ары нығайта түсетіні сөзсіз, — деді Мемлекет басшысы.

Президент өңіраралық байланыстар өзара ынтымақтастыққа тың серпін беруге тиістігін баса айтты.

— Қазір Қазақстанның бірқатар облысы мен Иранның провинциялары арасында серіктес қатынас орнаған. Біз Иран кәсіпкерлерінің Маңғыстау облысы аумағында бірлескен еркін экономикалық аймақ құру туралы ұсынысын құптаймыз. Бұл қадам Қазақстанда Иран шикізатынан дайын өнім жасауға, оны аймақ елдеріне таратуға мүмкіндік береді деп сенеміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алғанын жазған едік. 

Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Сонымен қатар келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Бірлескен мәлімдеме қабылдап, 8 құжатқа қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар