Иран Қазақстан басшысының біртұтас әлемдік валюта құру жөніндегі идеясын қолдайды - М. Ахмадинеджад
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Иран Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың біртұтас әлемдік валюта құру жөніндегі идеясын қолдайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біз Қазақстан Президентінің әлемге ортақ валюта құру туралы идеясын өте жақсы және дұрыс ұсыныс деп есептейміз. Себебі әлемді ортақ, нақты және тең басқару үшін біртұтас әлемдік валюта керек», -деді Иран Президенті Махмұд Ахмадинеджад бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында. «Біз сондай-ақ біртұтас халықаралық валюта құруға алғышарт болатын біртұтас өңірлік валюта құруға қатысты ұсынысты да қолдаймыз», - деді Иран басшысы. М. Ахмадинеджад биыл наурызда Тегранда өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет және Үкімет басшыларының 10-шы саммитінде бұл мәселе қорытынды құжатта көрініс тапқанын атап көрсетті.Оның пайымдауынша, біртұтас әлемдік валюта құру үшін алдымен әлемдік инфрақұрылымды дайындап, алғышарттарды қалыптастыру қажет. Бұл ретте, ең алдымен әділетті әлемдік қаржы жүйесін, жаңа халықаралық және экономикалық негізді қалыптастыру қажет. «Сонда жаңағы ортақ әлемдік валюта әділетті жүйеде дұрыс әрекет ететін болады», дейді М. Ахмадинеджад.