Иран, Ливан және Израильде қақтығыстардың шиеленісуінен 1 800 адам көз жұмды — ДДҰ
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус таратқан мәліметтерге қарағанда, Таяу Шығыстағы қақтығыстар ушыға бастағаннан бері Иран, Ливан және Израильде 1 800-ден астам адам қаза тауып, 12 500 адам жарақат алды, деп хабарлайды ТАСС.
— Он күннен астам уақыт бұрын Таяу Шығыстағы қақтығыс шиеленісе бастады. Иранда 1 300-ден астам адам қаза тауып, 9 мың адам жараланды. Ливанда кемінде 570 адам көз жұмса, 1 400-ден астам адам зардап шекті. Израильде 15 адам мерт болып, 2 адам жараланды, — деп жазды ол.
Сонымен қатар бас директор аймақтағы денсаулық сақтау нысандарына шабуылдардың көбейгенін атап өтті. Оның айтуынша, 28 ақпаннан бері ұйым Иранда — 18, Ливанда — 25, Израильде екі шабуылды тіркеген.
— Бұл шабуылдар адам өмірін қиып ғана қоймай, сондай-ақ қауымдастықтарды аса қажет болған кезде медициналық көмектен айырады, — деді Гебрейесус.
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастады. Иранның ірі қалалары, соның ішінде Тегеранға да соққы жасалды. Ақ үй бұл шабуылды Тегераннан шыққан зымырандық және ядролық қатерлерге сілтеме жасап ақтады. Ислам революциясы сақшылар корпусы Израильдегі нысандарға шабуыл жасап, кең ауқымды жауап операциясын жариялады. Сондай-ақ АҚШ-тың Бахрейн, Иордания, Катар, Кувейт, БАӘ және Сауд Арабиясындағы нысандарына соққы берілді. Иранға жасалған соққылардан рухани көсем Аятолла Әли Хаменеи мен Ислам республикасы басшылығындағы тағы бірнеше маңызды тұлғалар қаза тапты.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың қараша айына дейін Газада 1092 адам медициналық көмекке жете алмай көз жұмды.