Иран мен АҚШ арасындағы консультациялар Омандағы үшінші раунд күніне ауыстырылды
АСТАНА. KAZINFORM - Иран мен АҚШ арасындағы техникалық кездесуді кейінге қалдыру туралы шешім Маскаттың бастамасымен және екі тараптың келісімімен қабылданды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Сәрсенбі күнге жоспарланған Ирандық-Америка сарапшылары деңгейіндегі келіссөздер сенбі, 26 сәуірге ауыстырылады. Бұл туралы сейсенбі күні Тегеран Сыртқы істер министрлігінің өкілі хабарлады.
Бұл күні Оманда жоғары деңгейлі ядролық келіссөздердің үшінші раунды өтеді.
— Сәрсенбі күні екі тарап арасында өтуі тиіс болған екі елдің техникалық консультативтік кездесуі сенбіге ауыстырылды, - деді Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Эсмаил Багаи.
Оның айтуынша, кездесуді кейінге қалдыру туралы шешім «Оманның ұсынысы бойынша және Иран мен Америка делегацияларының келісімімен» қабылданған. Техникалық кеңестің кейінге шегерілу себебі әзірге белгісіз.
12 сәуірден бері Тегеран мен Вашингтон Оманның қатысуымен Маскат пен Римде жанама келіссөздердің екі кезеңін өткізді. Келіссөздерге Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф жетекшілік етті.
Римде өткен келіссөздердің екінші раунды барысында тараптар ядролық келісім бойынша негізгі келісімді әзірлеуге кірісуге келісті.
Кейінгі күндері Иран-Америка ядролық келіссөздеріне қатысты дипломатиялық шайқастар қарқынды түрде жалғасып жатыр.
Сейсенбі күні Оман басшысы Сұлтан Хайтам бин Тарик Әл Саид Ресейге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен Иранның ядролық бағдарламасын талқылады.
Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, екі тарап «Иран мен Америка өкілдері арасындағы келіссөздердің барысы туралы» талқылады.
Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, Иранмен ядролық келіссөздер, сондай-ақ Газа секторындағы атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімді талқылады. Бұл туралы Axios жазды.
— Телефон арқылы сөйлесуіміз ойдағыдай өтті. Барлық мәселеде ойымыз бір жерден шықты, - деді Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында.
Бұған дейін МАГАТЭ Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздерді қалпына келтіруге жәрдемдесуге дайын екені хабарланған болатын.
Трамп мамыр айында Сауд Арабиясы, Қатар және БАӘ-ге бару жоспарын мәлімдеді.