Иран мен Корей жартыаралындағы ядролық проблемаларды шешуде АӨІСШК пайдалы рөл атқара алар еді - С.Лавров

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Иранның ядролық бағдарламасы мен Корей жартыаралындағы ядролық проблеманы шешудің келіссөздерден басқа баламасы жоқ.

Иран мен Корей жартыаралындағы ядролық проблемаларды шешуде АӨІСШК пайдалы рөл атқара алар еді - С.Лавров

Бүгін елордада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мерейтойлық сессиясы мен Сыртқы істер министрлерінің IV кездесуі барысында Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай мәлім етті.

«Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі Иранның ядролық бағдарламасы мен Корей жартыаралындағы ядролық бағдарлама төңірегіндегі жағдай болып отыр. Қалыптасқан форматта оларды келіссөздер жолымен шешуден басқа балама көріп отырғанымыз жоқ», - деді ол.

Оның пайымынша, бұл халықаралық қоғамдастықтың  Теһранға да, Пхеньянға да алаңдауын тоқтатудың жалғыз жолы ғана. Ал қоқан-лоқы көрсету, қысым жасау, біржақы санкция енгізу  ұжымдық күш-жігерге тосқауыл болады. Сондықтан да тайталасудан бірден бас тарту қажет, өйткені оның тәуекелі өте зор. «Міне бұл ретте АӨІСШК-нің беделі пайдалы рөл атқара алар еді», - деді С.Лавров.