Иран Оңтүстік Парс аймағында табиғи газдың ірі қорын анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның мұнай министрі Мохсен Пакнежад елдің оңтүстігіндегі Оңтүстік Парс аймағында 7,5 триллион текше футтан астам табиғи газ қоры анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Иран мемлекеттік телеарнасының эфирінде сөз сөйлеген Пакнежад анықталған табиғи газ көлемі шамамен 7,5 триллион текше фут екенін айтты. Өндіру коэффициенті 72 пайыздан асатынын ескерсек, алынатын газ көлемі шамамен 5,7 триллион текше фут болуы мүмкін.
Министрдің айтуынша, анықталған газ көлемі Оңтүстік Парс кен орнының бір фазасы 15 жыл ішінде өндіре алатын табиғи газ мөлшеріне тең. Ол жаңа қорлардың Иранның энергетикалық ресурстарына айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
Пакнежад анықталған газдың «құрғақ газ» екенін хабарлады. Оның айтуынша, мұндай газды тікелей, қайта өңдеусіз немесе аз мөлшерде тазартқаннан кейін тасымалдауға болады. Бұл кен орнын игеру және пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар министр жаңадан анықталған табиғи газбен бірге газ конденсатының да едәуір көлемі бар екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл ресурстар газдың өз құнынан бөлек, Иранға ондаған миллиард доллар көлемінде жаңа экономикалық құндылық әкелуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Германияда төтенше жағдайларға арналған мемлекеттік газ қоры құрылатынын хабарлағанбыз.