Иран Ормуз бұғазы маңында арнайы бақылау аймағын құрады

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына арналған жаңа ережелерді әзірлеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

Иран Ормуз бұғазы маңында арнайы бақылау аймағын құрады
Фото: Fars

Иран алдағы күндері Парсы шығанағы мен Оман теңізінде жаңа шектеулі кіру аймағын жариялайды. Бұл туралы Иран Жоғарғы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи жексенбі күні мемлекеттік IRIB телеарнасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, аймақ АҚШ енгізген әскери-теңіз блокадасының шебі мен Иранның жүк тиеу порттары арасындағы аумақты қамтиды. Тегеранның келісімінсіз Ормуз бұғазына баратын кемелер Иранның санкциялар тізіміне қосылады.

Резаи мұндай кемелер сақтандыру және кейіннен бұғаз арқылы өту мәселелеріне тап болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

— Иранның келісімінсіз осы аймақта жұмыс істейтін кез келген кеме санкциялар тізіміне енгізіледі, — дейді Мохсен Резаи.

Иран мен Оман екі елге тиесілі су жолдары арқылы жаңа халықаралық кеме дәлізін ашуға келісті. Резаидің айтуынша, бағдарды Тегеранның басқарады, ал келісімге алдағы күндері қол қойылып, жарияланады деп жоспарланып отыр.

Резаи бұғаздың толығымен жабық екенін мәлімдеп, АҚШ-тың кеме қатынасын қалпына келтіру туралы мәлімдемелерін «жалған ақпарат» деп атады. Ол қазіргі уақытта Иран үшін маңызды тауарларды тасымалдайтын жеті-сегіз кеме ғана өтіп жатқанын атап өтті.

— Біз Ормуз бұғазын америкалықтар Иранға қарсы диверсияларын, қоқан-лоққысын және шабуылдарын тоқтатқаннан кейін ғана ашамыз, — деп атап өтті Резаи.

Reuters агенттігінің мәліметі бойынша, кейінгі он күнде бұғаз арқылы күніне орта есеппен онға жуық сауда кемелері өткен, бұл мамыр айынан бергі ең төменгі деңгей. Кеме қатынасына қойылған шектеулер және АҚШ-Иран әуе шабуылдарының қайта басталуы мұнай бағасының өсуіне әкеп соқтырды, атап айтқанда, 1 баррель Brent маркалы шикі мұнай бағасы 97 доллардан асып түсті.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Қарулы күштері Иранның теңіз блокадасы аясында 92 сауда кемесінің бағыты өзгергенін хабарлаған едік.

Нұрлан Тұяқов