Иран Президенті: Қазақстан – аймақтағы маңызды серіктесіміз
АСТАНА. KAZINFORM — Иран Орталық Азия өңірімен тату көршілік қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиа айтты.
Иран Президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді
– Иран Орталық Азия өңірімен тату көршілік қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Қазақстан – аймақтағы маңызды серіктесіміз әрі Каспий теңізі арқылы шектесетін көршіміз. Жоғары мәртебелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Біз көптеген бағыттағы, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өндіріс, тау-кен, көлік-логистика, ғылым, мәдениет, жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды талқыладық.
Келіссөздердің нәтижесін таяу келешекте көреміз деп ойлаймын. Халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ, – деді Масуд Пезешкиан.
Сонымен қатар ол әл-Фараби мұрасы екі елге де ортақ екеніне назар аудартты. Әл-Фарабиді Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени байланыстардың алып бәйтерегі деп бағалады.
Бұған дейін Қазақстан-Иран қазақ жерінде әл-Фараби мұрасына арналған кешенді бірлесіп салатынын жазған едік.