Қазақстан-Иран қазақ жерінде әл-Фараби мұрасына арналған кешенді бірлесіп салады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Иран халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын алдағы уақытта да жалғастыра береді. Бұл туралы Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианмен келіссөздер қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Мәдени-гуманитарлық байланыс қашанда екі елдің қарым-қатынасының алтын көпірі саналған. Бүгін бұған тағы да көз жеткізіп отырмыз. Иран мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты бірқатар көне қолжазбаның көшірмесін әкелген екен. Онда 18 ғасырдағы ұлт шежіресі мен мәдениеті туралы құнды деректер бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің атап өтуінше, бұл құжаттар ғалымдарымызға сол кезеңдегі Қазақ хандығының халықаралық қатынастарын терең зерттеуге мүмкіндік береді.
— Осы ретте мен Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігіне Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырдым. Сондай-ақ біз иран тарабымен бірлесе отырып, қазақ жерінде ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы шешім қабылдадық. Бұған қоса бүгін білім және ғылым саласындағы ықпалдастықты күшейту жолдары талқыланды. Екі елдің медицина қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру және жетістіктерімізбен бөлісу мәселелерін ойластыратын болады, — Президент.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманмен халықаралық мәселелер жөнінде де пікір алмасқанын атап өтті.
— Қарулы қақтығыстардың, санкциялық қысымдар мен сауда соғыстарының ушыға түсуіне алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық ұйымдардың беделі төмендеп кеткеніне қатысты ой бөлістік. БҰҰ рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін ілгерілету және әділдік қағидаттарына берік болу туралы ортақ ұстанымға келдік. Біз барлық текетірестер мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Қазақстан мен Иран халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын алдағы уақытта да жалғастыра береді. Қазақстан мен Иранның кеңейтілген серіктестігін нығайту халықтарымыздың мүддесіне сай келеді. Біз өзара достық пен бауырластыққа негізделген байланыстарды бекемдей береміз. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Екі елдің достығы мәңгі болсын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алғанын жазған едік.
Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Сонымен қатар келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Бірлескен мәлімдеме қабылдап, 8 құжатқа қол қойылды.