Иран Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан аумағында ядролық отын банкін құру туралы ұсынысын өте маңызды деп есептейді
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Иран Президенті Махмұд Ахмединежад Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан аумағында ядролық отын банкін құру туралы ұсынысын маңызды деп есептейді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз Президент мырзаның Қазақстанда ядролық отын банкін құру туралы ұсынысын Сіздердің елдеріңіздің бұған дейінгі тәжірибесіне қарай отырып, өте маңызды деп есептейміз», - деді Махмұд Ахмединежад бүгін Астанада БАҚ өкілдеріне арнап ҚР Президентінің баспасөз қызметі ұйымдастырған Иран басшысының баспасөз мәслихатында.«Аумағында уранның кені бар және уранды байытатын әлеуеті бар кез келген ел ядролық отын банкін орналастыратын мемлекетке айнала алады», - деп толықтырды сөзін Иран басшысы. Махмұд Ахмединежад Иран мен Қазақстан арасында достық, бауырмалдық және дамып келе жатқан қарым-қатынас қалыптасқанын атап көрсетті.«Бздің көзқарасымыз тұрғысынан екі елдің қарым-қатынасын дамытуда ешқандай кедергі жоқ», - деді ол.Айта кетейік, бүгін Ақордада Иран Президентімен жүргізілген келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «егер ядролық энергетикаға арналған ядролық отын банкі құрылатын болса, Қазақстан оны өзінің аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыруға дайын» екендігін мәлімдеген болатын.