Иран президентінің ұшағы әуе қорғаныс жүйесінің жұмысына байланысты бағытын өзгертті

АСТАНА.KAZINFORM - Иран президенті ұшағының жоспарсыз бағыты БАҚ беттерінде қарама-қайшы хабарламалар тудырды.

Самолет президента Ирана изменил маршрут на фоне работы ПВО в Тегеране
Фото: IRNA

Иран БАҚ-тарының хабарлауынша, Қырғызстанда өтіп жатқан ШЫҰ саммитінен қайтқан Иран президенті Масуд Пезешкиан мінген ұшақ Решттағы Сардар-е Джангаль халықаралық әуежайына қонды.

Решт - Каспий теңізінің жағалауына жақын орналасқан Иранның солтүстігіндегі Гилян провинциясының әкімшілік орталығы.

Пезешкианмен бірге Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мен спорт және жастар министрі Ахмад Доньямали де болды.

Иранның бірнеше БАҚ-тары ұшақ бағытының өзгеруін шығыс Тегерандағы әуе қорғанысы жүйелерінің іске қосылуымен байланыстырды. Иранның Mehr ақпарат агенттігі 1 қыркүйектің кешінде шығыс Тегеранда әуе қорғанысы жүйелерінің іске қосылғанын хабарлады.

Израильдің 12-ші арнасы Иран президентінің ұшағы шұғыл қонуға мәжбүр болғанын хабарлады.

Ал, IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі президент ұшағының бұл қонуын төтенше жағдайға баламай, Қырғызстаннан ұшып келе жатқан қысқа аялдама деп сипаттады.

Агенттіктің мәліметінше, ұшақ Решт әуежайында бірнеше сағат аялдады. Аялдама кезінде Гилян провинциясының губернаторы Хади Хакшенас Пезешкианға елдің қажетті тауарларға қол жеткізуін қамтамасыз ету шаралары туралы есеп берді.

Губернатор сонымен қатар президентке провинцияның сауда, көлік және логистикалық мүмкіндіктері және Иранды қажетті тауарлармен қамтамасыз етудегі рөлі туралы ақпарат берді.

Иран билігі президент ұшағының шұғыл қонуы туралы хабарламаларды әлі ресми түрде растаған жоқ немесе оның бағытын өзгертуі туралы ашып ештеңе айтқан жоқ.

Біз бұған дейін АҚШ бірнеше аптадан бері алғаш рет Иранға шабуыл жасағанын хабарладық.