Иран Сыртқы істер министрі Хаменеидің арнайы жолдауымен Мәскеуге келді
АСТАНА.KAZINFORM - Аббас Аракчи Мәскеуге ресми сапармен келді. Ол ресейлік әріптесімен келіссөз жүргізіп, Иран басшысының ресейлік әріптесіне жазбаша жолдауын жеткізеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Иран Сыртқы істер министрлігінің басшысы өзінің Telegram-каналында сапарының мақсаты Владимир Путинге Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің жазбаша жолдауын жеткізу екенін айтты.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Иран Сыртқы істер министрлігінің басшысына аталған жолдауды президент Путинге жеткізуге мүмкіндік бар деп хабарлады.
Осыған дейін Иран Ислам Республикасының елшісі К.Джалали екіжақты қарым-қатынастарды дамыту, өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық аренадағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланатынын мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ, Аракчи ресейлік тараппен Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша иран-америка келіссөздеріне қатысты жағдайды талқылайтыны айтылды.
Айта кетейік, биылғы 12 сәуірде Оман астанасында АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы өкілі Стив Уиткофф пен Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи арасында жанама келіссөздер өткен болатын.
Уиткофф келіссөздердің оң және сындарлы өткенін айтты.
Аракчи келіссөздердің сындарлы және тыныш өткеніне тоқталып, Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидиге Иран мен Америка делегацияларының пікір алмасуындағы талпыныстары үшін алғыс айтып, Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі сәуірдің 19-ы күні өтетінін хабарлады.
Келіссөздердің екінші кезеңі қарсаңында Аракчи Иранның ураннан бас тарту құқығы талқылауға келмейтінін айтты.
Осыған дейін Иран МАГАТЭ-нің «антиирандық» қарарына жауап қайтарғаны туралы жаздық.