Иранда доллар бағамы тарихи максимумға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның еркін валюта нарығында АҚШ долларының құны 184 мың туманға дейін көтеріліп, тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
АҚШ долларының иран ұлттық валютасына шаққандағы бағамы осылайша рекордтық деңгейге жеткен.
Ақпаратқа сәйкес, 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің әрекеттеріне дейін бір доллар шамамен 160 мың туман тұрған.
Ұлттық валюта құнының төмендеуі соңғы әскери қақтығыстардан кейінгі экономикалық қысым мен АҚШ тарапынан енгізілген қатаң санкциялардың күшеюімен байланысты болып отыр.
Бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы транзит үшін есеп айырысуды риалмен жүргізуді ұсынған болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Иранға қарсы енгізген теңіз блокадасы Тегеранға шамамен 4,8 млрд доллар көлемінде экономикалық шығын әкелгенін жаздық.