Сапасыз құрылыс: Степногорда мердігерден 80 млн теңге өндірілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Степногор қаласының прокуратурасы аурухананың операциялық блогын салу барысында заңбұзушылықтарды тоқтатты.
Степногор қаласының прокуратурасы Степногор көпбейінді қалалық ауруханасының «Г және Е» операциялық блогын салу кезінде заңнама талаптарының сақталуына тексеру жүргізді.
Тексеру барысында мердігер тарапынан құрылыс нормаларының бұзылғаны анықталды, бұл жұмыстардың сапасыз орындалуына және бюджет қаражатының негізсіз төленуіне әкеп соққан. Аталған заңбұзушылықтар техникалық және авторлық қадағалау, сондай-ақ тапсырыс беруші тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан болған.
Прокуратура қадағалау актісін қарау нәтижесінде мердігермен жасалған шарт бұзылды. Тапсырыс беруші 80 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын қайтару туралы сотқа талап арыз берді. Денсаулық сақтау басқармасының екі лауазымды тұлғасы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
— Қазіргі уақытта жаңа мердігерді тағайындау және нысанның құрылысын қысқа мерзімде аяқтау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бюджет қаражатының заңды әрі тиімді пайдалану мәселелері прокуратураның тұрақты бақылауында, — делінген Ақмола облысы прокуратурасының хабарламасында.
Осыған дейін Президент Іс басқармасы ауруханасы халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдегенін жаздық.