Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Иранның оңтүстігіндегі әуежайда әуе қатынасы қайта жанданды

АСТАНА. KAZINFORM — Иранның Бендер-Аббас халықаралық әуежайында АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы салдарынан бірнеше рет тоқтатылған әуе рейстері қайта іске қосылды. Әзірге ішкі бағыттар бойынша ең көп сұранысқа ие рейстер орындала бастады. Бұл DW жазды.  

Иранның оңтүстігіндегі әуежайда әуе қатынасы қайта жанданды
Фото: pexels

RNA агенттігінің мәліметіне сенсек, Парсы шығанағының жағалауында орналасқан Иранның оңтүстігіндегі портты Бендер-Аббас қаласының халықаралық әуежайында әскери қақтығыстарға байланысты бірнеше рет үзілістен кейін әуе қатынасы қайта жанданған. 

Хормозган провинциясы Әуежайлар басқармасының бас директоры Казем Тавассолиның айтуынша, ең көп сұранысқа ие ішкі бағыттар бойынша тұрақты рейстер қайта орындала бастаған.

Оның сөзінше, соңғы күндері әуежайдан шектеулі көлемде бірнеше рейс орындалған.

Қақтығыс басталғанға дейін әуежай тәулігіне 35-40 рейске қызмет көрсеткен. Қазір жолаушылар Тегеран – Бендер-Аббас, Мешхед – Бендер-Аббас және Бендер-Аббас – Исфахан бағыттары бойынша екі жаққа да билет сатып ала алады.

Бұған дейін Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз бағыттарының картасын әзірлеу жөнінде келісімге келген болатын.