Ырғызда тұтас бір ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Мамыр ауылының тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Ауылда тек ер адамдар қалып, өзгесі аудан орталығына көшіріле бастады.

су тасқыны
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

Ырғыз ауданында осыдан үш күн бұрын төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі кезде мұнда Торғай өзенінен су келіп жатыр. 

Нұра ауылдық округіне қарасты Мамыр ауылы тұрғындарының алғашқы легі аудан орталығына жеткізілді. 

су тасқыны
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

— Су деңгейі орташа. Қазір бөгеттерді бекіту, ауылды қоршап бөгет салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда бір К700, екі трактор, бір тиегіш техника мен 35 адам бар. Ал балалар мен әйелдер аудан орталығы Ырғызға эвакуацияланып жатыр. Мамырда тіркеу бойынша 152 адам болса, қазір бала-шаға мен әйелдерді қосқанда 90-ға жуық адам көшіріліп жатыр. Ал ер азаматтар тасқынға қарсы күрес жұмыстарына жұмылдырылды. Торғай жағынан келген су деңгейінің көтеріліп жатқанына екі күн болып қалды, — деді Нұра ауылдық округінің әкімі Ақнар Омаров.

МЧС РК
Фото: ТЖМ

Оның айтуынша, қазіргі кезде тікұшақпен 33 адам жіберілді. Ал 55 адам көлікпен ауылдық округ орталығы Нұраға жеткізілген. 

— Тікұшақ Мамыр ауылына тағы келеді. Келесі рейске мінетін адамдар дайындалды. Сонымен бірге Нұра ауылына жеткізілген осы ауыл адамдары да аудан орталығына тікұшақпен жеткізіледі. Ауылға су кірмеді. Бөгетті биіктетіп, қапқа құм толтырып жатырмыз. Ақтөбеден шыққан әскерилер әлі жетпеді, — деді Ақнар Омаров.

су тасқыны
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

Еске салсақ, ТЖМ Ақтөбе облысы бойынша әскери бөлімінен және төтенше жағдайлар департаментінен 14 адам мен 8 техника (4 самосвал, 2 трал және 2 жүк тиегіш) жедел түрде ауданға жіберілді.

Мұнда вице-премьер Серік Жұманғарин, Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов және Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов те барды. 

су тасқыны
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД
су тасқыны
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

 

Соңғы жаңалықтар