ІРv4 хаттамасының ІР адрестері АҚШ пен Еуропа елдерінде биылғы жылы аяқталады - Питер Кирштайн

АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қарқынды дамып келе жатқан ғаламтор желісінің мүмкіндігін толық пайдалану үшін ондағы өзгерістерден тыс қалуға болмайды.

ІРv4 хаттамасының ІР адрестері  АҚШ пен Еуропа елдерінде биылғы жылы аяқталады -  Питер Кирштайн

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан "IРv6 хаттамасына көшу" тренингінде айтылды.

"IРv4 хаттамасының ІР адрестері шектеулі. Қазақстан Азия-Тынық мұхит аймағына жатады. Онда қазір соңғы адрестер блогы қалды. АҚШ пен Еуропа елдерінде ол биылғы жылы аяқталады. Енді қандай да бір ұйым өтініш берсе, оған 1 мыңға дейін ғана ІР адрес беріледі. Мәселен, Қытай 2 ай бұрын қосымша 32 миллион ІР адрес алған еді", - дейді бүкіләлемдік ғаламторды құрушылардың бірі саналатын профессор Питер Кирштайн.

Оның айтуынша, енді "Қазақтелеком" АҚ өтініш берсе, 1 мың ғана ІР адрес ала алады. Жаңа технологияға көшу үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет. Мысалы, АҚШ оған дайындықты 5 жыл бұрын бастады. Онда мемлекеттік сатып алу кезінде ақпараттық коммуникациялық технологиялардың IРv6 хаттамасы стандартына сәйкестігі ескерілді.