ІСАО сарапшылары азаматтық авиация саласында консультациялық көмек көрсету үшін Қазақстанға келді

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (International Civil Aviation Organization) Техникалық ынтымақтастық бюросының мамандары Қазақстанның отандық азаматтық авиация саласы мамандарымен бірге іске кірісіп кетті.

ІСАО сарапшылары азаматтық авиация саласында консультациялық көмек көрсету үшін Қазақстанға келді

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, халықаралық сарапшылар бір жыл бойы республикалық азаматтық авиация қызметі бағыттарында, атап айтқанда, ұшуларды жүзеге асыру, ұшу жарамдылығына бақылау жүргізу, авиациялық персоналға куәліктер беру, аэронавигациялық қызмет көрсету қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аэродромдардың қауіпсіздігі мен оларды сертификаттау жөнінде консультациялық кеңес көрсететін болады. Сонымен бірге, сарапшылар білікті кадрлар дайындау мен Қазақстанның авиация саласында адами ресурстармен жұмыс істеу мәселесіне де баса назар аудармақ.

Мұның сыртында, ICAO сарапшылары қазақстандық мамандармен бірлесіп халықаралық нормаларды ескере отырып, қолданыстағы азаматтық авиация мәселелері туралы заңнаманы жетілдіруге байланысты арнайы ұсыныстар әзірлейтін болады.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының сарапшылары Қазақстанға ICAO аудитінің ескертулерін жою және қазақстандық әуе компанияларының Еуропалық Одақ елдеріне ұшуына қойған шектеулерін алуда консультациялық кеңес беру үшін шақырылғандығын еске саламыз.

Шақырылған мамандардың азаматтық авиация саласында және 94 елде ICAO ұсыныстарын тәжірибеге енгізу мен консультациялық көмек беруде тәжірибелері мол.