06:05, 05 Сәуір 2015 | GMT +5
ИСЕСКО басшысы V Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысатынын қуаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің Мысырдағы Елшісі Берік Арын Білім, ғылым және мәдениет істері жөніндегі ислам ұйымының (ИСЕСКО) Бас директоры Әбдел Әзиз Ат-Туэйджримен кездесіп, оған Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының Төрағасы Қ. Тоқаевтың үстіміздегі жылғы 10-11 маусымда Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне қатысуға жолдаған шақыруын табыс етті.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Өзара сұхбат кезінде қазақстандық Елші ИСЕСКО басшысына V Съездің күн тәртібі және еліміздегі маңызды саяси оқиғалар туралы жалпы ақпарат бере отырып, 26 сәуірге жоспарланған кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық барысымен таныстырды.
ИСЕСКО Бас директоры ҚР Парламенті Сенатының спикері Қ. Тоқаевтың арнайы шақыруын ризашылықпен қабыл алып, өзінің Съезд жұмысына қатысатынын қуаттады.
Ә. Ат-Туэйджри Қазақстан Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Съездің дінаралық және өркениетаралық диалогты дамытуда жоғары рөлін атап өтті.