Ислам конференциясы ұйымы Бас хатшысының орынбасары А.Бухари «Нұр Астана» мешітінде болды

АСТАНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, қасиетті жұма күні Ислам конференциясы ұйымы Бас хатшысының орынбасары Абдул Моиз Бухари «Нұр Астана» орталық мешітінде болып, елордалық жамағатпен бірге жұма намазын оқыды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мешітің наиб-имамы Төлеби Оспан айтты.

Ислам конференциясы ұйымы Бас хатшысының орынбасары А.Бухари «Нұр Астана» мешітінде болды

Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалығы қарсаңында өткізіліп отырған алғашқы халықаралық форумға қатысуға арнайы келген мәртебелі мейманға мешіттің наиб-имамдары Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қызметі мен еліміздегі діни конфессиялардың бейбіт өмірі туралы баяндап берді.

Өз кезегінде А.Бухари: «Қазақстан Ислам конференциясы ұйымының белді мүшесі. Қазақстанның мұсылман әлемімен байланысының тарихы тереңде жатыр. Сондықтан ислам өркениетіндегі мәселелермен жақсы таныс. Сол себепті де ИКҰ-ға төрағалығы барысында біраз мәселелені шешуге атсалысады деген сенімдеміз», - деп атап өтті.

Т.Оспанның айтуынша, кешегі қасиетті жұмада Астананың бас мешітіне сондай-ақ, Әзірбайжанның Қазақстандағы Елшісі Закир Гашимов арнайы бас сұғып, Әзірбайжан мемлекетінің бұрынғы Президенті марқұм Гейдар Әлиевтің рухына құран бағыштау өтінішін білдірген.

Мәртебелі мейманның өтініші орындалып, 12 желтоқсан күні бақилық болған Г.Әлиевтің рухына Астана мұсылмандары Алланың рақымы мен мейірімін, екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығаюын және ондағы мұсылмандарға барша жақсылықты тіледі. Елші З.Гашимов осы күні 4 қой сойып, садақа жасады, келуші жамағатқа арнап дастархан жайды.