Испания Қорғаныс министрі «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-на барды

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасына жасаған тұңғыш ресми сапарының барысында Испания Қорғаныс министрі Педро Моренес Эулате «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясының кеңсесінде болды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Испания Қорғаныс министрі «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-на барды

«Қазақстан инжиниринг» ҰК» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы - Президенті Болат Смағұлов меймандарды компанияның құрылымымен, оның мақсаттарымен және міндеттерімен, жұмыс көлемімен таныстырды.

«Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы 10 жыл бұрын құрылған болатын. 2010 жылдан бастап ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің басқаруына көшті.

«Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ қорғаныс, қосарлы, азаматтық мақсаттағы өнім өндіру және сатуға мамандандырылған. Компания еліміздің мұнай-газ, теміржол агроөнеркәсіп, жылу энергетикасы, қорғаныс, кеме жасау салаларындағы 27 кәсіпорынды біріктіреді.

Бүгінгі таңда «Қазақстан инжиниринг» Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысының негізгі бөлігін орындауды қамтамасыз етеді.

Сапар бағдарламасына сәйкес тараптар әскери техникалық ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйін және бірлескен жобаларды іске асырудың перспективаларын талқылады. Келіссөздер барысында екі ел қорғаныс өнеркәсібін дамытудағы өзара іс-қимылды бұдан әрі нығайту және жандандыру мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тығыз өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты бұдан әрі дамытып, серіктестікті кеңейте беретіндіктеріне сенім білдірді.