Испания мен Еуроодақ 10 млн еуро тұратын кванттық суперкомпьютерді іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Испания мен Еуропалық одақ Барселонада құны шамамен 10 миллион еуро болатын жаңа кванттық суперкомпьютерді іске қосты, деп хабарлайды Euronews.

суперкомпьютер
Фото: Kazinform

Жаңа жүйе MareNostrum Ona деп аталады.

Ол Еуропаның кванттық есептеулер инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.

Суперкомпьютер ғылыми зерттеулерді жеделдетуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаңа кванттық технологияларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Жүйе Barcelona Supercomputing Center базасында жұмысын бастады.

Суперкомпьютерді Qilimanjaro Quantum Tech компаниясы әзірледі.

Жобаны қаржыландыруды Еуропалық комиссия мен Испания үкіметі қамтамасыз етті.

Жаңа құрылғы орталықтағы бұрынғы жүйелерден ерекшеленеді.

Алдыңғы қондырғылар цифрлық архитектураға негізделсе, MareNostrum Ona аналогтық кванттық компьютер ретінде жасалған.

Жүйенің негізінде кубиттер қолданылады.

Кубит — бір мезгілде бірнеше күйде бола алатын ерекше есептеу элементі.

Мұндай технология күрделі есептерді дәстүрлі компьютерлерге қарағанда әлдеқайда жылдам шешуге мүмкіндік береді.

Барселона суперкомпьютерлік орталығының барлық үш кванттық компьютері Барселонадағы Торре-Жирона шіркеуінде орналасқан.

Осы ғимаратта MareNostrum суперкомпьютерінің алдыңғы буындары да жиырма жылға жуық уақыт жұмыс істеген.

Кешеннің алғашқы екі кванттық компьютері 2025 жылғы ақпанда пайдалануға берілген.

Содан бері олар 4200 сағаттан астам есептеу жұмысын орындаған.

Бұл жүйелер Испанияның суперкомпьютерлер желісі іріктеген 53 ғылыми жобада қолданылған.

Жаңа суперкомпьютер сондай-ақ EuroHPC Joint Undertaking жалпыеуропалық кванттық есептеулер желісінің құрамына кіреді.

Еуроодақ бұл инфрақұрылымды америкалық технологиялық алпауыттарға тәуелділікті азайту үшін дамытып жатыр.

Сонымен қатар ұйым өз суперкомпьютерлері мен жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруды көздейді.

Қазір EuroHPC алты кванттық компьютер сатып алған.

Польша, Чехия және Германиядағы жүйелер қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.

Олар бірыңғай еуропалық кванттық есептеулер желісіне біріктіріледі.

Еске салсақ, бұған дейін Saudi Aramco мен Pasqal компаниялары Сауд Арабиясындағы алғашқы кванттық компьютерді іске қосқанын жариялаған еді.

Сондай-ақ елдегі суперкомпьютер қай салалардағы мәселелерді шешуге ықпал ететіні туралы жаздық.