Сауд Арабиясында алғашқы кванттық компьютер іске қосылды

АСТАНА.KAZINFORM - Сауд Арабиясының мұнай-газ компаниясы Saudi Aramco және франциялық Pasqal кванттық есептеу компаниясы Корольдіктің алғашқы кванттық компьютерінің іске қосылғанын жариялады.

Саудовская Аравия запустила первый квантовый компьютер
Фото: SPE.org

Дахрандағы Корольдіктің алғашқы кванттық компьютерінің іске қосылуы Сауд Арабиясының дамып келе жатқан технологиялар мен цифрлық шешімдердегі өз орнын нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Салтанатты рәсімде Таяу Шығыстағы алғашқы коммерциялық кванттық есептеу платформасы QCaaS таныстырылды, ол бүкіл әлемдегі бизнес пен ғылыми-зерттеу институттарына қауіпсіз бұлттық интерфейс арқылы есептеу ресурстарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Платформа бүкіл әлемдегі клиенттер үшін ашық және энергетика, материалтану және өнеркәсіп салаларындағы кванттық қолданбаларды дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

- Бұл кванттық серпіліс біздің зерттеушілерімізге, инженерлерімізге және ғалымдарымызға тиесілі. Бірлескен оқыту мен зерттеулерге инвестиция салу арқылы біз Корольдікте әлемдік деңгейдегі кванттық сараптаманы құрып жатырмыз - бұл келесі буын энергетикалық шешімдердің негізін қалайтын, төмен көміртекті отындарды әзірлеуді жеделдететін және кен орындары мен жеткізу тізбегін оңтайландыруды жақсартатын білім, - деді Aramco компаниясының технология және инновация жөніндегі атқарушы вице-президенті Ахмад Әл-Хувайтер.

Жобаның іске қосылуы Сауд Арабиясының экономиканы әртараптандыруға және білімге негізделген инновациялық экожүйені құруға бағытталған «Vision 2030» бағдарламасының бөлігі ретінде жасанды интеллект, бұлтты есептеулер және кванттық технологияларды қоса алғанда, озық технологияларға инвестиция салуды жеделдетуімен байланысты.

Бұған дейін Сауд Арабиясында 18,5 сағатқа созылған операция нәтижесінде филиппиндік сиам егіздері ажыратылған болатын.