Ыстанбұлда германиялық туристердің өліміне қатысты төрт күдікті қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұл соты Фатих ауданына Германиядан демалуға келген туристердің улану салдарынан қаза болуына байланысты ұсталған 11 адамның төртеуін қамауға алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
Тергеу бірнеше нұсқаны қарастырып отыр. Оның ішінде тағамнан улану, сондай-ақ қонақүйде дезинфекция кезінде қолданылған улы заттардың әсер ету ықтималдығы бар.
Ыстанбұл сотының шешімі бойынша, қаза тапқан Бёджек отбасының өліміне қатысты төрт күдікті – фастфуд пен лукум сатушылары және туристер тамақтанған кафенің иесі қамауға алынды. Барлығы «абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен ұсталған. Бұл бап ең жоғары жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қайғылы оқиға 9 қарашада болған. Германиялық отбасы Фатих ауданындағы Harbour Suites Old City атты шағын қонақүйге орналасқан. Алдын ала деректер бойынша, олар Бешікташтағы бір дәмханада мидия мен картоп жегеннен кейін жағдайлары күрт нашарлаған. Екі кішкентай бала мен анасы бірнеше сағат ішінде ауруханада көз жұмған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы әкенің өмірі үшін күрескенімен, оны да аман алып қалу мүмкін болмады.
Полиция мен прокуратура бірқатар нұсқаларды тексеріп жатыр. Астан улану нұсқасымен қатар, қонақүйді санитарлық өңдеу кезінде қолданылған улы заттардың әсер ету ықтималдығы да қарастырылуда.
Тергеушілер отбасының алюминий фосфидінен улануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл – жәндіктерге қарсы қолданылатын, антидоты жоқ, аса қауіпті химиялық зат. Оның булары жоғары концентрацияда күшті интоксикация тудырып, жылдам өлімге әкелуі мүмкін.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Сарапшылар нақты улану себебін анықтайтын токсикологиялық талдаудың нәтижелерін күтуде.
Бұған дейін Ыстанбұлда қонақ үй туристердің қазасынан кейін жабылғаны хабарланған еді.