Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Италия Испаниямен арадағы Шенген келісімін тоқтатуға дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута автономиялық қаласына заңсыз мигранттардың жаппай келуіне байланысты Испаниямен арадағы Шенген келісімінің қолданысын уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Джорджа Мелони
Фото: nterpressnews

— Сеутадан тараған кадрлар алаңдатады. Бұл бақылаусыз заңсыз көші-қонның Еуропа шекараларының қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін тағы бір мәрте көрсетті. Біз шекарамызды қорғап, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше шаралар қабылдауға, оның ішінде Испаниямен арадағы Шенген аймағының қолданысын уақытша тоқтатуға дайынбыз, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұған дейін испандық БАҚ соңғы бір аптада Мароккодан Сеутаға 1,5 мыңнан астам мигранттың теңіз арқылы жүзіп жеткенін, ал кейбірінің жаяу келгенін хабарлаған. Басқа деректерге сәйкес, автономиялық қалаға жеткендердің саны 20 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Қазіргі уақытта нақты көрсеткіш нақтыланып жатыр.

Көші-қон дағдарысына байланысты Испания билігі Сеутадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әскерилерді жұмылдырды. Сондай-ақ 31 шілдеде қалаға Испания премьер-министрі Педро Санчес пен Ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласка баруы жоспарланған.

Сеута — Испанияның автономиялық қаласы. Географиялық орналасуына байланысты заңсыз көші-қон мәселесі бұл өңір үшін өзекті саналады. Африкадан келетін мигранттар легін тежеу үшін Мароккомен шекара бойына тікенекті сыммен қоршалған биік қоршау орнатылған.

Италияның қазіргі үкіметі заңсыз көші-қонмен күресті өзінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырады.