Италияда туристер жағажайдың құмын тасып әкетіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияда Сардиния аралының билігі туристердің кәдесый ретінде тасып әкетуінен қауіптеніп, Жерорта теңізі аралдарындағы әйгілі жағажайларды қорғауға кірісті, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Жазғы демалыс маусымына орай аралдағы билік заң қабылдап, құм, тас және ұлу қабыршықтарын әкетуге талпынған төрт құқықбұзушыға 1 000 еуро көлемінде айыппұл төлетті. Жергілікті тұрғындардың көп жылғы шағымынан кейін кеден де әуежайдағы жүк салғыштарды қатаң бақылап,  жарық түсіре отырып, бағалы табиғи капиталдарды іздеуге кірісті.

1994 жылы билік Сардинияның солтүстік шығысында орналасқан әйгілі қызғылт құмды Буддели аралындағы жағажайға кіруге тыйым салды.

2015 жылдың жазғы үш айында ғана Сардиниядағы тек бір әуежайдың өзінде кеден қызметкерлері бес тонна жағажай құмын тәркіледі, деп жазады жергілікті басылымдар.

Осыған наразы арал тұрғындары шенеуніктерден мұндай кәдесый жинауды қылмыс деп  танып, шара қолдануын талап еткен.

Жұртшылықтың арыз-шағымынан кейін  заң қабылданып, барлық түрдегі - ақ, сары, ұсақ және ірі кварцты құмдардың тасымалдануына 500-ден 3000 еуроға дейін айыппұл төлеу жазасы енгізілді.

«Сардиния аралдарында айрықша түсті құмның пайда болуына миллиондаған жылдар кеткен. Ал, мұнда жыл сайын келетін миллиондаған туристер табиғаттың тамаша бөлшегін бір-бір құтыдан естелікке әкететін болса, түк қалмауы мүмкін», деп дабыл қағады жергілікті табиғат қорғаушылары.

Соңғы жаңалықтар