Италияның Комо қаласында мэрді велосипед қағып кеткен соң көлікке тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Комо қаласының мэрі Алессандро Рапинезені электр велосипеді мінген адам қағып кеткен. Осы оқиғадан кейін қала басшысы мұндай көлікті қауіпті «құбыжық» деп атап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала орталығында велосипедпен жүруге тыйым салды, деп хабарлайды Kazinform BILD басылымына сілтеме жасап.
— Әрине, бұл жағдай маған әсер етті. Адамдар өз басынан өткеніне қарай әрекет етеді. Мен мұндай көліктің қағып кетуінің қандай екенін өз басымнан өткердім, — деді мэр.
Италия заңнамасында кәдімгі және электрлі велосипедтер бөлек қарастырылмайтындықтан, жаңа шектеу олардың екеуіне де қатысты болады. Енді қала орталығында велосипедпен жүруге болмайды, тек оны жетектеп, жаяу өтуге рұқсат етіледі.
Рапинезе 2022 жылы электр самокаттарын жалға беруге де тыйым салған. Мэр бұл шешімін әлі де дұрыс деп санайды. Алайда тұрғындардың бір бөлігі, әсіресе жаңа шектеуге қарсы.
— Әкімдік жеке адамның басындағы мәселені бүкіл қоғамға ортақ проблемаға айналдырып отыр, — деді Nova Como мәдени бірлестігінің төрағасы Винченцо Фаланга La Stampa газетіне берген пікірінде.
Nova Como тыйым күшіне енгеннен кейін, қыркүйек айында наразылық ретінде велошеру өткізуді жоспарлап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Италияда туристерге арналған ат-арбаларға тыйым салынуы мүмкін екенін жазғанбыз.