Итбалық өлексесін тауып алғанда не істеу керегін көрсететін алгоритм жасау керек - экологтер
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда жыл басынан бері 500-ге жуық итбалық қырылған. Kazіnform тілшісі теңіз жануарларының жаппай өліміне қатысты экологтар мен табиғат жанашырларының ұсыныс-пікірін білді.
3 қарашада Түпқараған ауданының теңіз жағалауынан 112 итбалықтың өлексесі табылған болатын. Араға бес күн салып 8 қарашада Құлалы аралындағы жағалаудан тағы 71 өлген итбалық табылды.
Облыстық балық инспекциясы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдан бері Маңғыстауда 3,5 мыңнан астам итбалық өлген.
Жаппай қырылу былтыр тіркелді. Ол кезде жағалаудан бас-аяғы 2 212 өлексе табылды.
Биыл жыл басынан бері өлген итбалықтардың саны 470-ке жуықтаған. Онымен қоса, түрлі құстар мен бекіре тұқымдас балықтар да өлі табылып жатыр.
Экология департаментінің өкілдері, балық инспекциясы мен Гидробиология және экология институтының мамандары оқиға орнында жануарлардан және теңіз суынан сынама алған.
— Итбалықтар табылған аумақтағы суды тексердік. Теңіз суы таза, мұнай немесе өзге де химиялық заттармен ластанбаған, — дейді облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Қайсар Нәдірбек.

Балық шаруашылығы комитетінің мамандары итбалықтардың жаппай қырылуына иммунитеттің әлсіреуі мен вирус себеп болуы мүмкін деген болжам айтты.
Алайда, күні бүгінге дейін мамандар теңіз жануарларының неден қырылып жатқанын нақты айта алмай келеді.
ECOJER қауымдастығы аймақтық эко-кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов былтыр 2 мыңнан астам итбалық қырылған соң мәселені жан-жақты зерделеп, 10 ұсыныс әзірлеп, жергілікті құзырлы органдарға тапсырған.
Оның ішінде итбалық өлекселерін ғана емес, тірі итбалықтарды да жүйелі зерттеу, ірі компаниялар мен ғылыми ұйымдардың теңізде жүргізген мониторинг жұмыстарына жергілікті тәуелсіз сарапшыларды тарту, браконьерлерден өндіріп алынатын залал сомасының 30 пайызын браконьерлерді ұстаушыларға бөлу сияқты маңызды ұсыныстар бар.
— Ақпан айының 24-де облыс әкімінің аппараттық жиынында зерделеніп, ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық эко-кеңесі мен «Qazaq Balyk» қауымдастығы облыстық филиалының атынан ұсынылып, хаттамамен қабылданған он ұсыныстың біреуі — теңізден тыс жерде тірі немесе өлі итбалық табылған жағдайда әрекет ету алгоритмін әзірлеу болған. «Эколидер» еріктілер клубы осы алгоритмді туристер көп жиналатын орындарға іліп қою және БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы халыққа жариялауды ұсынды. Бірақ бұл ұсынысымыз әлі күнге дейін орындалған жоқ, — дейді тәуелсіз эколог.

Каспий итбалығы 2020 жылы Қызыл кітапқа енгізілген. Алайда, табиғат жанашырлары итбалықты қорғау үшін нақты іс-шаралар атқарылмағанын айтады.
— «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватын құру туралы Қазақстан Үкіметінің 2024 жылғы 24 қазандағы № 884 қаулысы шықты, әлі күнге дейін іс жүзінде резерват жоқ, — дейді ECOJER қауымдастығы аймақтық эко-кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов.
«Эколидер» еріктілер клубының жетекшісі Бақытгүл Өмірханқызының айтуынша, тәуелсіз экологтар зерттеу жұмысына қатыстырылмайды.
— Бізді зерттеу жұмыстарына араластырмайды. Соңғы екі жылда итбалық мәселесін көтеріп, 10 ұсыныс бердік. Бірақ олар толық орындалған жоқ. Күні кеше ғана 180-нен астам өлі итбалық табылды. Табылмағаны қаншама? Бұл үлкен мәселе. Сол жерге зерттеу жұмыстарына бізді шақырса, көмектесуге дайынбыз. Көзбен көріп, қолмен ұстайтын ештеңе жоқ. Бірақ итбалық жылда қырылып жатыр. Каспий институты ашылды, бірақ жұмысы әзірге көрініп жатқан жоқ. Халық итбалықты тапқанда не істеу керегін білмейді. Алгоритмді халық білмейді. Итбалық қырылмас үшін алдын алатын профилактикалық жұмыс жасалып жатқан жоқ, — дейді Бақытгүл Өмірханқызы.
«Эколидер» еріктілер клубы Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жанынан құрылған. Құрамында 300 шамасында мүше бар.
Олар Каспий теңізі эндемигінің күрт азаюының себептерін бірге зерделеуге, өлекселерді жинау үшін волонтер ретінде тартылуға және зерттеу сауалнамасын жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Qazaq Balyk республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Данияр Әкімжановтың айтуынша, Каспий теңізіне құйылатын судың көлемін арттыру қажет.

Себебі су жануарлары мен құстарға теңіздің тартылуы да тікелей әсер етеді.
— Итбалықтардың қырылуы соңғы 5 жылда тоқтаусыз жалғасып келеді. Жылына екі рет көктемде және күзде өледі. Бірақ не себептен өліп жатқанын айта алмай отыр. Ғылыми зерттеу институттарының немқұрайлығы ма немесе мамандардың жетіспеушілігі ме? Нақты ешкім айта алмайды. Маман ретінде ұсынысым, Каспий маңында орналасқан 5 мемлекет Каспийдің флорасы мен фаунасын, суда тіршілік ететін жануарлардың бәрін қорғау және Каспий теңізін тартылуы бойынша нақты шешімдер қабылдауы керек. Мұнай компанияларына талапты және бақылауды күшейту керек. Түрікменстан бетіндегі Қарабұғаз көліне бөгет салып, Каспийдің суын тоқтату керек. Каспийге Еділ мен Жайықтан келетін судың мөлшерін арттырған жөн. Себебі, Каспийдің тартылуы су жануарларына тікелей әсер етіп отыр. Себебі тек итбалық қана емес, бекіре тұқымдас балықтар, ұсақ балықтар, су құстары да қырылып жатыр, — дейді Данияр Әкімжанов.
Бұған дейін Маңғыстауда тағы да итбалықтар қырылғанын жазған едік.
