Израиль әскери ұшақтары Ливанның оңтүстігіне бірнеше рет соққы жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль әскери ұшақтары Ливанның оңтүстігіндегі Жоғарғы Набатийе елді мекеніне 15 минутқа жетпейтін уақыт ішінде екі рет әуеден соққы жасаған. Бұл туралы Ливанның мемлекеттік ақпарат агенттігі NNA хабарлады, деп жазады Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Израиль әскери-әуе күштері Жоғарғы Набатийе маңындағы Али-Тахир орман алқабына да соққы жасап, Кефертебнит елді мекенін қатарынан үш рет бомбалаған.
Сонымен қатар Израиль әскері Шығыс Завтар елді мекенін артиллериядан атқылаған.
Шабуылдар салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы әзірше ақпарат түскен жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздердің жаңа раунды Римде өтетінін хабарлаған едік.
Алдыңғы, жетінші раунд келіссөздері 4-6 тамыз аралығында Римде өтті. Ливан премьер-министрі Наваф Салам үкімет Израиль әскерінің толық шығарылуына және елдің оңтүстігіндегі тұрғындардың қауіпсіз оралуына қол жеткізу үшін келіссөз процесін жалғастыратынын мәлімдеген.
Еске салайық, ахуал 2 наурызда ушығып, сол кезде Израиль әскері Ливан аумағына қарқынды әуе соққыларын жасап, елдің оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенді басып алды. Ливан билігінің мәліметінше, соның салдарынан елде үйлерін тастап, басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр болғандар саны 1 миллионнан асты. 17 сәуірде қақтығысты тоқтатуға бағытталған атысты тоқтату туралы келісім күшіне енді. Алайда кейін бұл келісім бірнеше рет ұзартылды.