Израиль ғарыштан соққы жасауға арналған лазерлік қару әзірлеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль ғарыш кеңістігінде нысаналарды жоюға мүмкіндік беретін лазерлік қару жүйесін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі The Jerusalem Post басылымына сілтеме жасап.

Израиль ғарыштан соққы жасауға арналған лазерлік қару әзірлеп жатыр
Фото: t.me/ Katz_Israel

Әскери тілшілерге арналған брифингте министрдің айтуынша, қазір әлемде ғарыштан соққы жасау мүмкіндігіне ие бірде-бір мемлекет жоқ.

- Бұл міндетті жүзеге асыру үшін біз ең үздік мамандарды тартып жатырмыз және осы салада әлемдік көшбасшы болуды мақсат етіп отырмыз. Егер бұған қол жеткізсек, бұл тежеу әлеуетімізді күшейтіп, қомақты ресурстары бар қарсыластарымызға қарсы соққы жасауға, нысаналарды жоюға және басқа да міндеттерді орындауға мүмкіндік береді, – деді Исраэль Кац.

Израиль қазірдің өзінде лазерлік технологиялар саласындағы жетекші елдердің бірі саналады. Елде Iron Beam деп аталатын жерүсті лазерлік әуе қорғанысы жүйесі жасалған. Қуаты 100 киловатт болатын бұл кешен әлемдегі алғашқы жоғары энергиялы жұмыс істейтін лазерлік әуе қорғаныс жүйесі ретінде бағаланады.

Бұған дейін Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде ұзындығы 200 метрден асатын жерасты туннелін жойғаны хабарланған болатын.

Израиль тарапының мәліметінше, онда қару-жарақ сақталып, зымыран ұшыру қондырғылары орналасқан.