Израиль Газа тұрғындарын күштеп көшіруді жоспарлап отырған жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль үкіметінде Газа секторының тұрғындарын басқа жерге көшіру мәселесі  әлі де қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль Газа тұрғындарын күштеп көшіруді жоспарлап отырған жоқ
Фото: Dawoud Abo Alkas/Anadolu

Израиль Газа секторындағы палестиналықтарды күштеп қоныс аудартуды немесе елден шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы сәрсенбі күні елдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Люблянада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазды The Times of Israel.

— Біз Газа секторынан ешкімді күштеп қудалауды да, депортациялауды да көздеп отырғанымыз жоқ, — деді Израильдің сыртқы істер министрі.

Оның айтуынша, басқа бір ел палестиналықтарды қабылдауға келіссе, Израиль анклавтан өз еркімен кеткісі келетін тұрғындардың шығуына кедергі келтірмейді.

— Алайда ешкімді еркінен тыс әрекет етуге мәжбүрлемейміз, — деді Саар. 

Министр Словенияға Израильдің Люблянадағы елшілігінің ашылу рәсіміне қатысу үшін барған.

Оның бұл мәлімдемесі Израиль үкіметінің бірнеше мүшесі Газа секторындағы палестиналықтарды жаппай қоныс аударту мәселесін қайта көтергеннен кейін жасалды.

Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац 2 қыркүйекте Газа секторы тұрғындарын жаппай қоныс аударуға ынталандыру жөніндегі жоспардың әлі де талқыланып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп бастаманы уақытша тоқтатқанымен, мәселе түбегейлі жабылған жоқ.

— Тұрғындар қоныс аудармайынша, Газа мәселесін түбегейлі шешудің нақты жолы жоқ, — деді Кац өткен аптада.

Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир 3 қыркүйекте Газа секторы тұрғындарының қоныс аударуына арналған жеті жылдық жоспарды таныстырды. Министр бұл бастаманы «ерікті эмиграция» деп атады.

АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакаби бұған дейін Израиль билігі палестиналықтарды Газа секторынан күштеп көшіруді көздеп отырған жоқ деп мәлімдеген.

Бұған дейін 8 мемлекет Израильді Трамптың Газа жөніндегі жоспарын орындамағаны үшін айыптағанын жазған едік.

Ақзат Жиеналина