Израиль Газаға бағыт алған флотилияны тоқтату операциясын бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль әскері Газадағы теңіз блокадасын бұзуға бағыт алған Global Sumud Flotilla кемелерін ұстау операциясын бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль начал операцию по перехвату направляющейся в Газу флотилии
Фото: Anadolu

The Times of Israel басылымының мәліметінше, Израиль әскери-теңіз күштері Кипр жағалауына жақын халықаралық суларда келе жатқан Global Sumud Flotilla флотилиясының кемелерін тоқтатып, ұстау операциясын жүргізіп жатыр. Флотилияның мақсаты — Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізіп, Израильдің теңіз блокадасын бұзуға әрекет жасау болған.

Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, дүйсенбі күні Израиль күштері Жерорта теңізіндегі халықаралық суларда кемелерге мінуді бастаған. Кемелердің бірінен жүргізілген тікелей эфирде Израиль арнайы жасағының бортқа шыққан сәті көрсетілген.

Бұған дейін Израиль Сыртқы істер министрлігі флотилия қатысушыларын «бағыттарын дереу өзгертіп, кері қайтуға» шақырып, акцияны «арандату» деп атаған еді.

Израильдік БАҚ мәліметінше, операцияға төрт әскери кеме қатысып жатыр. Флотилия кемелеріне қозғалтқыштарын тоқтату туралы бұйрық берілген. Израиль билігі ұсталған белсенділерді Ашдод портына жеткізуді жоспарлап отыр.

Флотилия ұйымдастырушылары операция басталғаннан кейін бірнеше кемемен байланыс үзілгенін мәлімдеді.

— Қазіргі уақытта әскери кемелер біздің флотилияны тоқтатып жатыр, ал Израиль күштері күндіз бірінші кемеге мінді, — делінген Global Sumud Flotilla мәлімдемесінде.

Флотилияның заңгерлер тобының айтуынша, кемелер халықаралық суларда, Кипрдің іздеу-құтқару аймағы шегінде болған.

Әртүрлі дерек бойынша, флотилия құрамында 54-тен 57-ге дейін кеме болған. Олар бейсенбі күні Түркияның Мармарис қаласынан шыққан. Ұйымдастырушылар миссияның мақсаты — Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізу және 2007 жылдан бері жалғасып келе жатқан теңіз блокадасына қарсылық білдіру екенін айтқан.

Израиль бұған дейін де мұндай акцияларды «медиалық арандату» деп атап, гуманитарлық көмекті ресми халықаралық тетіктер арқылы жеткізуді ұсынған болатын.

БҰҰ-ның Палестина аумақтары бойынша арнайы баяндамашысы Франческа Альбанезе Жерорта теңізі елдерін флотилиядағы азаматтық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Газадағы блокаданы бұзуға бағытталған миссияны қолдауға шақырды.

Түркия Сыртқы істер министрлігі де Израиль әрекетін айыптап, оны «қарақшылықтың жаңа көрінісі» деп атады және ұсталған акция қатысушыларын дереу босатуға үндеді.

Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы Израильден Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге бағытталған флотилия мүшелері — испаниялық белсенді Саиф Абу Кешек пен Бразилия азаматы Тьяго Авиланы дереу және шартсыз босатуды талап етті.