Израиль ХАМАС-тың әскери жетекшісі Мохаммед Дейфтің көзі жойылғанын растады

АСТАНА. KAZINFORM - Бейсенбі күні Израиль қорғаныс күштері әскери барлау қорытындысы бойынша шілде айындағы әуе шабуылы кезінде ХАМАС-тың әскери қолбасшысы Мохаммед Дейфтің қаза тапқанын хабарлады. Содырлар Газа секторындағы Хан-Юнистегі нысанға соққы берді, деп жазады Еuronews.

Израиль ХАМАС-тың  әскери жетекшісі Мохаммед Дейфтің көзі жойылғанын растады
Фото: MAHMOUD ISSA/ANADOLU

Газаның денсаулық сақтау министрлігі сол кездегі соққыдан 90-нан астам адамның, соның ішінде жақын маңдағы шатырларда қоныс аударған бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын хабарлады. Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант бұл соққының соғыс мақсатына жету жолындағы «маңызды кезең» екенін айтты.

«Бұл операцияның нәтижесі ХАМАС-тың күйреу жағдайында тұрған ұйым екенін көрсетеді», - деді министр.

Израильде Дейфті «Газаның Осама бен Ладені» деп атайды. Дейф 1990 жылдары ХАМАС-тың әскери қанаты Изз ад-Дин әл-Кассам бригадасының негізін қалаушылардың бірі болды және бөлімді ондаған жылдар бойы басқарды. Оның қолбасшылығымен автобустар мен кафелерде израильдіктерге қарсы ондаған жанкешті жарылыстар, Израильге шабуыл жасау үшін зымырандардың арсеналы жасалды.

Израиль билігі Мохаммед Дейфті 7 қазанда Израильдің оңтүстігіндегі лаңкестік әрекетті ұйымдастырушылардың негізгісі деп санайды.

Соңғы жаңалықтар