Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Израиль Иранға қайта соққы жасауға дайын екенін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері жаңа қауіптер туындаған жағдайда Иранға қарсы әскери операцияны қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль заявил о готовности вновь нанести удары по Ирану
Фото: x.com/Israel_katz

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац бейсенбі күні өткен әскери рәсім барысында ел армиясы қауіпсіздікке төнетін қатерлерді жою үшін қажет болған жағдайда Иран аумағына қайта соққы жасауға дайын екенін айтты.

– Армия әуедегі басымдықты қайта орнатып, қауіптерді жою үшін Иранға соққы беруге және қажет болса, үшінші рет те әрекет етуге дайын. Егер бізге қайта оралу қажет болса, бұрынғыдан да қуатты күшпен ораламыз, – деді Кац.

Сол рәсімде сөз сөйлеген Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұған дейінгі екі әскери науқан нәтижесінде Иран айтарлықтай әлсіреді деп мәлімдеді.

– Иран осі қазір бұрынғыдан әлсіз, ал Израиль бұрынғыдан да күшті. Біз Израиль әскери-әуе күштері Йеменнен Иранға дейін кез келген нүктеге жете алатынын дәлелдедік. Дегенмен бұл науқан әлі аяқталмағанын мойындауымыз керек, – деді Израиль премьер-министрі.

Израиль басшылығының мәлімдемелері АҚШ пен Иран арасындағы жаңа шиеленіс жағдайында жасалды.

Ормуз бұғазы аймағындағы өзара соққылардан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум күшін жойды деп санайтынын айтты.

The Times of Israel және The New York Post басылымдарының хабарлауынша, Израиль басшылығы Вашингтон тиісті шешім қабылдаған жағдайда АҚШ-тың Иранға қарсы жаңа соққыларына қосылу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Алайда Израиль билігі бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, Иран АҚШ-тың Кувейт пен Бахрейндегі әскери нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді.