Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Израиль Кнессеті қазан айындағы сайлау алдында ресми түрде тарады

АСТАНА.KAZINFORM - Израиль тағы бір саяси кезеңді аяқтап, сайлау алдындағы кезеңге аяқ басты.

ц
Фото: x.com / @KnessetENG

The Times of Israel газетінің хабарлауынша, Израиль Кнессеті (парламент) жұма күні кешке 27 қазанға белгіленген парламенттік сайлау алдында өзін-өзі тарату туралы заңды ресми түрде мақұлдады.

Шешімді 62 депутат қолдады, ешкім қарсы болған жоқ. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да заң жобасына дауыс берді.

25-ші шақырылым аяқталғаннан кейін, сайлау нәтижелері бойынша жаңа Кнессет ант бергенге дейін парламент үзіліске шығады. Алайда тиісті комитеттер арнайы рәсімдер бойынша отырыс өткізе алады, ал үкімет немесе кем дегенде 25 мүше жалпы отырыс өткізу құқығын сақтайды.

Өзін-өзі тарату туралы шешім коалиция бірнеше даулы бастамалардың қабылдануын қамтамасыз еткен үлкен заң шығару сессиясы аяқталғаннан кейін қабылданды. Оларға Бас прокурордың өкілеттіктерін шектейтін заң, ультраортодоксалды әскери қызметтен жалтарғандарды тұтқындауды уақытша тоқтата тұру, БАҚ-қа мемлекеттік бақылауды кеңейту және Израиль қорғаныс күштеріндегі ер адамдар үшін міндетті қызмет мерзімін 32 айға дейін ұзарту кіреді.

Кнессет спикері Амир Охана 25-ші Кнессетті Израиль тарихындағы «ең қиыны» деп атап, парламенттің елдегі ең ұзақ соғыс, жаппай наразылықтар және ішкі саяси дағдарыс кезінде жұмыс істеуге мәжбүр болғанын атап өтті.

Сонымен қатар, ол келесі парламенттің бар келіспеушіліктерге қарамастан саяси серіктестік атмосферасында жұмыс істей алатынына үміт білдірді.

Израильде 27 қазанда жалпы сайлау өтеді.