Израиль Ливанның оңтүстігінде Хезболла нысандарына соққы жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Ливан бағытындағы жағдай қайта шиеленісіп, екі жақ та бір-біріне не үшін соққы жасағанын айтып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Жұма күні Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливанның оңтүстігінде орналасқан шииттік «Хезболла» ұйымының нысандарына, соның ішінде оның элиталық «Радван» бөлімшесінің жаттығу орталығына әуеден соққы жасағанын мәлімдеді.
Израиль армиясының хабарлауынша, соққылар Израиль әскері мен бейбіт тұрғындарға қарсы шабуылдарды жоспарлау және жүзеге асыру үшін пайдаланылған жаттығу базасына бағытталған. Аталған нысанда жауынгерлер жауынгерлік атыс жаттығуларынан өтіп, қару қолдануды үйренген.
ЦАХАЛ мәліметіне сәйкес, сонымен қатар қару-жарақ сақтауға пайдаланылған қосымша нысандар да жойылған.
🔴 Israeli warplanes have carried out an airstrike on the area of Wadi al-Akhdar in Iqlim al-Tuffah and the Sajed hills, according to our correspondent in the South. More than five Israeli warplanes are flying over South Lebanon at a low altitude. pic.twitter.com/DZ2cLhSLBc
— L'Orient Today (@lorienttoday) January 2, 2026
Израиль әскері «Хезболланың» мұндай әрекеті Израиль мен Ливан арасында қол жеткізілген келісімдерді бұзады деп мәлімдеп, ұйым тарапынан төнетін қауіп-қатерге қарсы іс-қимылды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.
Өз кезегінде Ливанның Ұлттық ақпарат агенттігі жұма күні жергілікті уақыт бойынша түске таман Израиль әскери ұшақтары Джабаль ар-Рихан аймағындағы Акмате жазығы мен Рихан елді мекенінің маңына бірқатар қарқынды әуе соққыларын жасағанын хабарлады.
Агенттік дерегінше, бірнеше минуттан кейін Ансар мен Зрарие елді мекендерінің арасындағы аумаққа «әуе–жер» санатындағы зымырандармен қосымша соққылар берілген. Сондай-ақ Набатия округіндегі Кфарва мен Ааззе елді мекендерінің арасындағы аңғарға үш әуе соққысы жасалғаны айтылды.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираулардың ауқымы жөнінде ақпарат берілген жоқ.
Израиль атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, Ливан аумағына шабуылдарын жалғастырып отыр.
Израиль Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасағанын жаздық.