Израиль мен Ливан бітімді тағы бір жарым айға ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Ливан 16 сәуірден бері күшінде болған атысты тоқтату режимін ұзартуға келісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.
Израиль мен Ливан Вашингтонда өткен екі күндік келіссөздерден кейін атысты тоқтату режимін тағы 45 күнге ұзартуға келісті. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Томми Пиготт мәлімдеді.
Шешім «Хезболла» тобымен жасалған алдыңғы бітім мерзімінің аяқталуына бір тәуліктен сәл ғана уақыт қалғанда қабылданды. АҚШ пен Израиль бұл топты террористік ұйым деп таныған.
Бітім кезінде топ Израильдің солтүстігіне ұшқышсыз ұшу аппараттарын жіберуді жалғастырған, ал Израиль әскері өз кезегінде «Хезболла» нысандарына соққы жасап отырған.
14 мамырда Израиль мен Ливан арасындағы тікелей келіссөздердің үшінші кезеңі Вашингтонда басталғаны хабарланған еді. Тараптар атысты тоқтату мәселесін, Ливанның оңтүстігіндегі жағдайды және «Хезболланы» қарусыздандыру мәселесін талқылады.
Дегенмен Израиль атысты тоқтату режиміне қарамастан Ливанға шабуылды үдеткені белгілі болды.
Ливан аумағына жасалған Израиль шабуылдары салдарынан бір күнде кемінде 39 адам қаза тапты.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің жаңартылған мәліметіне сәйкес, Израиль армиясының 2 наурыздан бері жүргізіп жатқан шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 2 759 адамға жуықтады.