Израиль мен Ливан келіссөздердің жаңа раундын Римде өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Тараптар қауіпсіздік шараларын және Ливан билігінің елдің оңтүстігіне бақылауын қалпына келтіру мәселесін талқылауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Таяу Шығыстағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль мен Ливан келіссөздердің жаңа раундын Римде өткізеді
Фото: Anadolu

АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздердің жаңа раунды келесі аптада Римде өтеді. Бұл туралы бейсенбі күні Израиль шенеунігі The Times of Israel басылымына хабарлаған.

Италия астанасындағы келіссөздер екі күнге созылады. Кездесудің сейсенбі немесе сәрсенбі күні басталатыны әзірше нақты шешілген жоқ. Израильдің KAN телеарнасының хабарлауынша, кездесулер алдын ала 15-16 қыркүйекке жоспарланған.

Тараптар Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболланың» қарулы күштері болмауға тиіс екі пилоттық аумақты тексеру тетігін құру мәселесін талқылайды деп жоспарланып отыр. Тексеру жүргізетін күштердің құрамы, өкілеті мен жұмыс тәртібі әзірше жарияланған жоқ.

Вашингтон сондай-ақ Израиль әскері шығарылуға тиіс аумақтарды кеңейтуді және кейін оларды Ливан армиясының бақылауына беруді көздеп отыр.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Вашингтон Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындардың мемлекеттік егемендікті қалпына келтіру және елді мекендерде «Хезболланың» қару-жарағын орналастыруды тоқтатуды талап еткен үндеулерін бақылап отырғанын мәлімдеді.

— Біз Ливан үкіметін үшжақты негіздемелік келісімде көзделгендей, елдің бүкіл аумағында қарусыздану жоспарын әзірлеуге үндейміз, — деді америкалық шенеунік.

Ливан тарапы келіссөздердің жаңа раунды өтетінін әзірше ресми түрде растаған жоқ.

14 сәуірден бері Израиль мен Ливан арасында тікелей келіссөздердің жеті раунды өтті. Оның бесеуі Вашингтонда, кейінгі екеуі Римде ұйымдастырылды. Ливанның шииттік «Хезболла» қозғалысы бұл байланыстарға қарсы шығып, үкіметті келіссөздерді тоқтатуға үндеп отыр.

Алтыншы раундтың қорытындысы бойынша тараптар Израиль әскерін кезең-кезеңімен шығару және Ливан армиясының бөлімдерін орналастыру үшін екі пилоттық аумақты анықтау туралы алдын ала уағдаласқан.

Келіссөздердің жетінші раунды 4-6 тамыз аралығында Римде өтті. Ливан премьер-министрі Науаф Салам үкімет Израиль әскерін толық шығаруға және тұрғындардың елдің оңтүстігіне қауіпсіз оралуына қол жеткізу үшін келіссөздер процесін жалғастыратынын мәлімдеген.

Келіссөздер тараптардың бір-бірін қол жеткізілген келісімдерді бұзды деп айыптауы жағдайында өтіп жатыр.

Ливан армиясының хабарлауынша, 26 маусымда негіздемелік келісімге қол қойылғаннан бері Израиль тарапынан 7 700 заңбұзушылық тіркелген. Ал Израиль «Хезболланы» қарусыздандыруды және қозғалыстың шекара маңындағы қызметін тоқтатуды талап етіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Ливан мен Израиль Римде тікелей келіссөздердің жетінші кезеңін бастағанын хабарлаған едік.