Израиль мен Сирия 25 жылдан кейін алғаш рет жоғары деңгейде келіссөздер өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль мен Сирия ресми өкілдері 25 жыл ішінде алғаш рет жоғары деңгейдегі кездесу өткізді. Келіссөз Париж қаласында АҚШ-тың Сирия бойынша арнайы өкілі Том Баррактың қатысуымен өтті. Бұл туралы The Times of Israel басылымы жазды.

«Мен Парижде сириялықтармен және израильдіктермен кездестім. Басты мақсатымыз – диалог пен деэскалация еді, біз оған қол жеткіздік. Барлық тараптар бұл күш-жігерді жалғастыруға дайын екендерін білдірді», – деп жазды Баррак өзінің Тwitter парақшасында.
Ол кездесуге нақты кімдер қатысқанын ашып айтқан жоқ. Алайда Axios сайтының мәліметінше, Израиль делегациясын стратегиялық мәселелер жөніндегі министр Рон Дермер, ал Сирия тарапын сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбани басқарған.
Израиль мен Сирия өкілдерінің бұған дейінгі жоғары деңгейдегі кездесуі 2000 жылы өткен болатын. Ол кезде АҚШ президенті Билл Клинтон Израиль премьер-министрі Эхуд Барак пен Сирия сыртқы істер министрі Фаруқ аш-Шарааны Батыс Вирджинияға шақырып, бейбіт келіссөздер ұйымдастырған.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Сириядағы қақтығысты тоқтатуға уәде берді.