Израильдің Ливанға жасаған соққысынан бес адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM - Израильдің Ливанның оңтүстігіне, Бекаа өңіріне және астанасы Бейрутқа жасаған шабуылдары салдарынан бес адам қаза тапты, деп жазады Анадолы.

Израильдің Ливанға жасаған соққысынан бес адам қаза тапты
Фото: Анадолы

Ливанның ресми NNA агенттігінің хабарлауынша, Израильдің ұшқышсыз ұшағы елдің оңтүстігіндегі Сур қаласында көлікке соққы жасаған. Шабуыл салдарынан бір адам көз жұмды.

Бекаа өңірінің орталық бөлігіндегі Бер Элияс ауданында тұрғын үйге жасалған шабуылдан Ливан Ислам қауымдастығының өкілі Юсуф әд-Дахук жарақат алды, ал оның екі ұлы қаза тапты.

Набатия провинциясының құрамындағы Аба елді мекенінде тұрғын үйге жасалған соққыдан бір әйел мерт болды, оның күйеуі жараланған.

Бейруттың оңтүстігіндегі Джинах ауданында көлікке жасалған тағы бір шабуыл салдарынан бір адам қаза тапты.

Айта кетейік, Израиль «Хезболла» ұйымының зымыран шабуылына жауап ретінде Ливанға бірқатар соққы жасаған болатын.